10.10.2018, 17:23
Оқылды: 87

Жаңақалаға таза су жетті

Облыс басшысы Алтай Көлгінов Жаңақала ауданына арнайы іссапармен келіп, құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған Жаңақала топтық су құбыры құрылысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

IMG_9335

         Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту Жаңақала ауданында маңызды мәселенің бірі болып келді. Ел тілегін ескерусіз қалдырмаған өңір басшысы бұл іске үлкен қолдау көрсетіп, күрмеулі мәселені шешуге күш салды. Нәтижесінде 2017 жылы тамыз айында «Құлшық» жерасты су көзінен Жаңақала топтық су құбырының құрылысы басталды. Тапсырыс беруші ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі, Су ресурстары комитеті болса, бас мердігер – «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС. Жобалық құны 2 млрд. 522 млн. теңге болатын аталмыш құрылыстың келісім шарт бойынша аяқталу мерзімі 2018 жылдың желтоқсан айы еді.

         Бұл топтық су құбырынан аудан бойынша сегіз елді мекен, атап айтсақ, Жаңақазан, Жуалыой, Мәстексай, Мұқыр, Жаңажол, Сарыкөл, Жаңақала, Көпжасар ауылдарының тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

         Нысанның техникалық сипаттамасына тоқталсақ, құбырдың ұзындығы 150 шақырым. Су жинайтын резервуар сыйымдылығы 2000 текше метр. Электр желілерінің ұзындығы 32 шақырым.

         Қазіргі таңда Құлшық құмдағы су көзі басында орналасқан алты су ұңғымасы, тұрғын үй, электр желілерінің құрылысы, сондай-ақ, Жуалыой елді мекенінде орналасқан екінші насос станциясының құрылыстары толық аяқталды. Жуалыой елді мекеніндегі 86 үйге су құбыры тартылған.

         Жаңақала топтық су құбыры құрылысының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Алтай Сейдірұлы:

         -Бұл көптен күткен қуанышты жағдай. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, біз облыс бойынша 110 елді мекенге таза ауыз суды жеткіздік. Бүгін сіздер соның нәтижесін көріп отырсыздар. Елбасы Жолдауында ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру сапасын көтеруді жүктеп, міндеттеген болатын. Себебі, біздің өңірдің тең жартысы аудандар мен ауылдарда тұр. Ауылда адам өмірінің сапасына әсер ететін бірден-бір нәрсе, ол – ауыз су, жол, газ. Жаңақалада да таза ауыз су талай жылдан бері «жыр» болып келе жатқан мәселе. Бұл мәселені мен Елбасыға баяндадым, ол қолдады. Соның нәтижесінде 110 елді мекен немесе 2000 шақырым су құбыры тартылды. Ең бастысы таза ауыз су болса, адамның денсаулығына да пайдалы болады, өмір сүру сапасы да артады. Сондықтан, сапалы ауыз судың игілігін, пайдасын өздеріңіз көріңіздер, - деп Жаңақала топтық су құбырының құрылысын жүргізген «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның директоры В.Крыловқа алғысын жеткізді.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

IMG_9085 IMG_9106 IMG_9129 IMG_9375

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале