8.01.2021, 16:46
Оқылды: 227

Жаңақалалық ардагер спортшыға шәкірттері ат мінгізді

Спорт ардагері, қазақ күресінен ҚР спорт шебері Жайсаң Ахметұлының есімін біраз ел біледі.  Жуырда мерейтой иесіне бір топ шәкірттері тосын сый жасап, құттықтады.

Ардагер спортшыға ат мінгізді (1)

Салтанатты шара адам қызығарлықтай жоғары деңгейде өтті. «Ұстаз ұлы тұлға» деген жазуы бар Жайсаң ағайдың суреті бейнеленген жейде киген шәкірттері қаумалап, бапкерлерін қызыл кілеммен жүргізіп, толассыз қошемет көрсетті.

«Спортқа келетіндер – көп, қалатындар – аз» деп атақты палуан Жақсылық Үшкемпіров айтқандай, Жайсаң ағай спорт саласында тұрақтап қалған санаулы жандардың бірі.

Салтанатты шарада алғаш боп сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева ардагер спортшыны мерейлі 55 жасымен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Ардагер спортшыға ат мінгізді (3)

Одан кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешовтың құттықтауын оқып, алғыс хатын табыстап, ҚР самбо федерациясының атынан  «Құрметті спорт ардагері» төсбелгісін тақты.

Шәкірттері атынан Аманжол Сансызбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр, отбасы бақытын тілеп, Жайсаң ағайдың суреттерінен құралған мозайка мен спорт киімін сыйға тартты.

Ардагер спортшыға ат мінгізді (2)

Одан соң Айдархан ауылының мақтанышы, айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұлов домбырамен Жайсаң Ахметұлына жүрекжарды лебізін білдіріп, арнау айтты.

Шәкірттердің ең үлкен сыйы – ұстаздарына ат мінгізу болды. Жабулы тұрған атқа мінген ардагер спортшы, беделді азамат көз алдымызда одан әрі биіктеп шыға келді.

- Аудан әкімдігіне шынайы алғысымды білдіремін. Спорт үшін жанымызды беріп күрестік, қазіргі таңда да спорт саласындамыз. Еңбегіңнің жемісін көру – ғанибет екен. Менің осы дәрежеге жетуім – шәкірттерімнің арқасы. Бәріңізге ризамын. Аман жүріңдер! Менің жетістігім – бұл барша шәкірттерімнің мерейі дер едім. Жақсы күндерде жолыға берейік, - дейді Жайсаң ағай риясыз жымиып.

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале