9.02.2018, 12:39
Оқылды: 25

Жаңақалалық шаруалар жер мәселесіне қатысты ұсыныстарын айтты

Жаңақала ауданы Қызылоба ауылдық округінде облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Б.Төремұратов бастаған топ шаруалармен бас қосты.

Аудан әкімі Н.Қарағойшин төрағалық еткен жиынға аталмыш үш ауылдық округтің шаруа қожалықтары, ЖШС басшылары, өндірістік кооператив жетекшілері және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Шарада «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» заң, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары туралы» заңға енген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндалды. Мамандардың айтуынша, басымдылық кооперативтерге беріліп отыр. Сондай-ақ шаруаларға ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында берілетін демеуқаржының аясы кеңігендігі де аудан шаруаларына жағымды жаңалық болды.

Осы жерде айта кетеріміз, бұндай жиын жаңақазандық және жаңажолдық шаруалардың қатысуымен  7 ақпан күні түске дейін Мәстексай ауылдық округінде өтсе, түстен кейін көпжасарлық шаруалар мен қырқопалық шаруалардың қатысуымен Жаңақала ауылдық округінде де өткен болатын.

Алыстан ат терлетіп келген мамандарға шаруалар тарапынан жер мәселесіне байланысты қойылған сұрақтар да, айтылған  ұсыныстар да аз болмады.  Соның ішінде жаңақазандық Ж.Әлекешов шаруа қожалығын құру мақсатында алынған жерлерді мақсатты пайдаланбай, тек шөбін ғана сатып, бизнес көзіне айналдырып отырғандар бар екендігін айта отырып, сол  жерлерді  қайтып алудың заңдылығын сұраса, мәстексайлық шаруалар қайтарылған жерлерді шаруаларға беру кезінде басымдылық кооперативтерге берілсе деген ұсыныстарын білдірді. Ал мәстексайлық шаруа Э.Әльмұқанов:

- Ауданның оңтүстігінде орналасқан ауылдық округтердегі жер мәселесінің негізгі түйткілі - су. Мұндағы шаруалардың барлығы судың жоқтығынан  Қараөзеннің айналасына шоғырланып, жер тапшылығын көріп жатыр. Егер бұрынғыдай Қамыс-Самар көліне су шығаратын болсаңыздар, бұндай мәселе болмас еді, - деп, жер мәселесінің өзен, көлдерге су жіберу арқылы ғана шешуге болатындығын алға тартты.

Үш ауылдық округте өткен жиынның барлығында да тұрғындар елді мекен айналасындағы халықтың малы жайылатын жайылымның тарлығын көтерсе, шаруа қожалықтары шабындықтарына жекенің немесе басқа шаруа қожалықтарынның малдары түсіп, қиындық тудырып отырғанын алға тартты. Сонымен қоса шаруа қожалықтары мал бордақылау, субсидиялау бағытында өздерін мазалаған сұрақтарын ортаға салып, мамандардан тұщымды жауаптарын алады.

Н.ҒАББАС

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале