28.09.2017, 11:06
Оқылды: 28

Жаңақалалық тоғызқұмалақшылар Бурабайда бақ сынамақ

20-24 қыркүйек күндері Орал қаласында тоғызқұмалақтан БҚО жастары арасында жеке және жекелей блиц чемпионаты өтті.

Бұл жарысқа Жаңақала аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары бақтарын сынап, толағай табыспен оралды.

Атап айтсақ, 14 жастағы қыздар арасында барлығын басым айқындықпен ұтып, классика түрінен I орынды Інжу Қайыржанова иеленсе, Ақгүл Бауыржанқызы классика түрінен III  орынды, блиц түрінен де I орынды қанжығасына байлапты. Ал осы бәсекеде Камилла Ғафарова II орынды қанағат тұтты. 14 жастағы ұлдар арасындағы классика және блиц  тартысында II орын Нұрберген Түсіпқалиға, ал жүлделі  III орын Амангелді Сағынғалиевке бұйырыпты.

Аталымыш чемпионатта 16 жастағы қыздар арасындағы блиц ойында I орынды Әлия Төрегелдиева, II орынды Аяжан Мағзомова және классика түрінен  III орынды иеленді. 20 жастағы ұлдар арасында классика түрінен Шыңғыс Қайратов II орынды еншіледі. Сонымен қатар Маралбек Темірғали мен Нұрәлі Арматұлы жақсы ойын деңгейін көрсетті.

Тоғызқұмалақшы өрендердің жаттықтырушысы Қайрат Маратұлы келесі айда өтетін ел біріншілігіне тыңғылықты дайындалуда. Ендеше, бізде өз кезегімізде тоғызқұмалақтан топ жарып жүрген жерлестерімізге Бурабайдағы байрақты бәсекеде «Жеңіс тұғырынан көрініп, олжалы оралсын» деген тілек білдіреміз.

Айзада ТҰРМҰХАШЕВА

Жаңақала ауданы

zhaіkpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале