23.10.2017, 18:52
Оқылды: 16

Жаңақалалық жас палуандар жеңіске жетті

Жақында Орал қаласында қазақ күресінен 1998-1999 жылы туған жастар және 2000-2001 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстық «Жас барыс» іріктеу турнирі өтті.

Бұл жарысқа облысымыз бойынша 450-ге тарта палуан қатысты. Байрақты бәсекеде жаңақалалық жас немесе балғын палуандар бақ сынады. 3 күнге созылған турнир қорытындысында жерлестеріміздің қанжығалары майланып, ауданға олжалы оралды.

Атап айтсақ, жаттықтырушы А.Қатаповтың қармағында жаттығатын   Сейітболат Қайратов (46 келі) пен 60 келі салмақта Рамазан Сүндетқалиев III орынды еншілесе, айдархандық А.Ишановтың шәкірттері 55 келіде Ералхан Өтегенов II орынды, 73 келі салмақ дәрежесінде Санжар Ғинаятов III орынды иеленді.

Сонымен қатар мәстексайлық Өмірсерік Дайыров баптаған Амандық Қадыров (60 келі) бозкілемде қарсылас шыдатпай жарыс жеңімпазы атанды. Айта кетсек, жүлделер қатары тек мұнымен толастамақ емес. Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Замир Батыровтың да шәкірттері осы жарыста атой салып, аудан намысын абыроймен қорғап келді. Мәселен, 60 келі салмақта Нұрлан Жұмағұлов (Жаңақала мектебі оқушысы), 51 келі салмақта Арман Хасанғалиев (Жаңақала колледжінің студенті), 57 келі салмақта Армат Мерешовтер (Жаңақала орта мектебі оқушысы) III орынға табан тіреді. Ал 82 келі салмақ дәрежесінде Бурхан Мұса (студент) алтыннан алқа тағынып, болашағынан үлкен  үміт күттіретін мықты палуан екенін дәлелдеп берді.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале