12.10.2017, 14:11
Оқылды: 28

Жаңақалалық тұрғын зейнет жасының ұлғаюына наразылық білдірді

«Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» облыстық жобасы Жаңақала ауданы орталығында да жалғасын тапты.

Жоба аясында «Әлеуметтік мәселелердің шешілуі» бағыты бойынша кездесу ұйымдастырылып, ақпараттық түсіндіру тобы ауданда болды. Осыған орай  Қызылоба ауылдық округінде тұрғындармен кездесу өтті.

Облыстан келген өкілдер «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», жеке оңалту «Өрлеу» бағдарламалары, халықтың әлжуаз топтарына көрсетілетін көмектер, әлеуметтік төлемдерді реттеу,  әйел адамдар үшін зейнатақы жасының ұлғаюы, ветеринария, сарып ауруы, мемлекеттік медициналық сақтандыру жайында кеңінен түсінік берді. Жиналыстан соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Айта кетсек, облыстан келген өкілдерге тұрғындар тарапынан да сауалдар аз болмады. Пятимарлықтар ел ішінде белең алған бруцеллез ауруы, сырға жетіспеушілігін тілге тиек етсе, қызылобалықтар зейнетақы, жәрдемақы төлеудегі кейбір келеңсіздіктерді сөз етіп, мамандардан нақты жауап алды. Ал қырқопалық мұғалім Мәншүк Сәркенова көптің көкейіндегі көкейкесті мәселені қаузады. Ол әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғаюына наразы екенін айтты. Бұны залдағы басқа нәзік жандылар да, тұрғылықты халық та қолдап, жаңа заң жобасына реніш білдірді. Десе де билік өкілдері «заң жобасының тиімді тұстары бар» екендігін айтады.

Жалпы Қазақстанда қазір ерлер зейнет демалысына 63 жаста, ал әйелдер 58 жаста шығады. Жаңа жоба әйелдердің зейнетке шығу жасын келесі жылдан бастап 10 жыл ішінде қазіргі 58 жастан 63 жасқа дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғаудағы мемлекеттік саясатты түсіндіріп, халықтың заң тұрғысындағы сауаттылығын арттыруды мақсат тұтқан ақпараттық топ Пятимар, Қырқопа, Мәстексай, Жаңақала ауылдарына да арнайы ат басын тіреп, тұрғындармен кездесті.

 Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале