22.11.2019, 11:59
Оқылды: 493

«Жаңақалалықтарды суды ысырап қылмауға шақырамын»

Бүгінгі таңда Жаңақала ауданы тұрғындарының 70 пайызы таза ауыз сумен қатылған. Ашық су қоймадан су ішкен өткен жылдармен салыстырғанда аудан тұрғындарының қазіргі жағдайы тым тәуір десек, артық айтқанымыз болмас.

Құлшық жер асты су құбыры тартылғаннан бері аудан тұрғындарының таза ауыз су туралы жыры да сап тыйылғандай болды. Дегенмен, ауылдастарымыз көптен күткен ауыз судың қадірін біліп жүрген жоқ. Бізді алаңдатып, қолымызға қалам ұстатқан да осы жағдай. Құны мұңаймен теңесіп қалғап таза суды ысырап қылу көзі ашық, көкірегі ояу кез келген адамды алаңдатары сөзсіз.

-Көл суын алып тұрсыңдар ма?

-Оның не қажеті бар, ауыз су келгесін айыртып тастадық.

-Иә, бірақ сендерге айдын жақын, қыста малды айдыннан суаратын шығарсыңдар?

-Жоқ, малды да, бау-бақшаны да қазір үйден таза сумен суарамыз.

Бұл диалог көл жағасында тұратын екі замандас досымның әңгімесі. Осы әңгімені естіп тұрған менің ойыма күні кеше өңір басшысы келіп аудан активімен кездескен кезде ауылдың жанашыр ағаларының жанайқайы есіме түсті. Келелі жиында ауылдың бірқатар ағалары ауыл тұрғындарының ауыз суды мақсатсыз пайдаланып жатырғандығын айтып, дабыл қаққан еді. Бірі судың бағасын қымбаттату керек десе, бірі суды уақытпен  беру керек деп, мәселенің шешу жолдарын да ұсынды. Жоғарыдағы оқиғалардың барлығын ой елегінен өткізіп, редакциямыз атынан ауылдас ағайындарға үндеу тастауды жөн көрдік.

janaqala su (2)

Бала кезімізде құдығы бар көршілерден арбалап су тасушы едік. Бір бидон су бір күнге жетпей қалған кездері «Суды үнемдесеңдерші, қайта-қайта су таси беремін бе?!» деп бұртиып, арбаны сүйретіп қайта суға кететінбіз. Ол кезде судын сапасы да керемет емес еді.

Күні кешеге дейін өзен-көлдерге су келмеуі салдарынан ашық су қорынан алынатын судын түсі мен исі өзгеріп, ішуге жарамсыз күйге дейін жетіп жүргендігі  аудан халқының есінен шыға қоймаған шығар. Осы жағдайларды ескерген аудан басшылығы ауыз су мәселесін қайта-қайта көтеріп, нәтижесінде  облыс әкімінің қолдауымен Құлшық елді-мекенінен  жер асты суын тартқан болатын.

Су қоры 25 жылға жететін жобаға республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлініп, өткен жылы халықтың көптен күткен таза ауыз суы да келіп жетті. Қазір таза ауыз су әр үйге кіріп тұр, сапасы да өте жақсы.

Бұрынғыдай су тасу, сапасыз су деген мәселелердің барлығы көрген түстей болып артта қалды. Бірақ «Жақсыға жылдам үйренесің» дегендей, жаңақалалық ағайындар сол қиын кездерді тез ұмыта бастаған секілді. Олай дейтін себебіміз, кезінде бидондап тасып, бір шелек таза суға зар болған тұрғындар, қазір таза суды мақсатсыз жұмсап, ысырапқа көптеп салынуда.

Иә, көбіміз көзбен көріп жүргендей, қазір ауыл тұрғындары ауыз сумен мал суарады, бау-бақша суарады, автокөліктерін жуады. Бұлай жалғаса берсе «Алтын балық» ертегісіндегі қанағатсыз кемпірдей түбінде жарық шылапшын құшақтап қалуымыз бек мүмкін.

janaqala su (5)

Сөзіміз дәлелді болуы үшін таза ауыз судың мән-жайын білмек болып «Коммунал»  ҮЖК директоры Дархан Закаринге қоңырау шалдық. Оның сөзіне құлақ түрсек, аудан бойынша таза ауыз суды пайдалану нормасы  жан  басына шаққанда 60 литр болса, қазір тұрғындар жан басына 100 литрге дейін таза су пайдаланып отыр екен. Бұрын аудан орталығына күніне 400-450 текше метр су берілетін болса, қазір бұл көрсеткіш 1000-1200 текше метрге дейін өскен. Тіпті техникалық ақауларға байланысты су беру тоқтатылып,  күніне үш мәрте 2 сағат жарымнан берген өткен аптаның өзінде, аудан орталығы 750 текше метр су тұтынған.

Бұл тіпті бұрын ашық су қорынан үнемі беріліп тұрған кездегі көрсеткіштен де көп екендігін сандардан байқап отырған шығарсыздар. Таза суды пайдалану жер асты суы келгеннен бері күрт өскен. Бұның басты себебі таза ауыз су бағасының арзандығынан дейді Д.Закарин.

Қазір ауыз судың бір текше метрі 175 теңге 28 тиын болса, су есептеу құрылғысын (счетчик) қондырған тұрғындар соның тек 30 теңгесін, су есептеу құрылғысын қондырмаған тұрғындар 40 теңгесін ғана төлеп отыр. Қалған үстіндегі ақшасын үкімет төлеп отыр. Сол себепті  аудан тұрғындары бау-бақша мен мал суару үшін берілетін айына 800 теңге төлейтін техникалық суды алмай, бау-бақшаны да, малды да арзан ауыз сумен суаруда. Осы кезге дейін аудан орталығында техникалық су алатын 700 ауланың, Құлшықтан су тартылғаннан бері соның 300 ауласы техникалық су алудан бас тартқан. Қазір техникалық су алатын 400 аула қалған екен.

Интернет беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, тұщы су тапшылығы ХХІ ғасырдың он жаһандық қатерінің қатарына жатады екен. 2025 жылға қарай бұл мәселе алдыңғы қатардан орын алуы мүмкін деп болжануда. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi. Бүгiнде су тапшылығы - тек орталық Азия елдердiң ғана емес, бүкiл әлемнiң бас ауруына айналған мәселе.

janaqala su (1)
Ал Жапония, Түркия сынды елдер суды үнемдеуге ерекше көңіл аударуда. Мысалы, Жапонияда суды үнемдеу әдістері барлық салада қолданылады. Бұл елде ванна, душ құралдары да суды тиімді пайдалануға негізделген ерекше әдістермен жасалған. Toto компаниясы адам жуынғанда су аз мөлшерде құйылса да мол аққандай әсер беретін душ құралын жасап шығарды. Мұндай сантехникалық құралдан су аққан кезде ауамен араласып, көлемі артады да, су 35 процентке үнемделеді. Осындай әдіспен су үнемдейтін заманауи унитаздар да жасалған. Жапон мамандары ойлап тапқан «Торнадо» унитазында су зор екпінмен құйылумен қатар, бір аққанда 3,8 литр су үнемделеді екен. Бұл санитарлық құралдың суды үнемдеу көрсеткіші жөнінен әлем бойынша ең үздік нәтиже. Ал «Тошиба» компаниясы жуылатын заттың көлемін, кездеменің түрін және температураны анықтайтын сенсорлар орнатылған заманауи кір жуғыш машиналар жасап шығарды. Мұндай кір жуғыш машиналар суды көп мөлшерде үнемдеп қана қоймай, процестің сапасын да қадағалайды. Осы сияқты Жапониядағы ыдыс жуғыш машиналар да суды аз мөлшерде шығындап, көп ыдыс жууға икемделген ерекше технология өнімі.

Мінекей, Жапония жан-жағын теңіз қоршаған, өзен-көлдері көп ел болса да суды үнемдеуді қолға алған екен. Ал біз ше? Біз әзірге ауыз судың қадірін түсініп жүрмеген секілдіміз. Интернет беттеріндегі Үндістан мен Африка елдерінің жағдайын қарасаң, ондағы бір жұтым суға зәру болып жан тапсырып жатқан сәбилерді көргенде денең түршігіп, жаның ауырады.

Құрметті, ауылдастар, ағайындар! Егер суды үнемдеуді үйренбесек, соңы жақсылыққа алып келмесі анық. Барды үнемдей білетін қоғам болайық. Әйтпесе, табиғи ресурстар барлығына жетпейді, оның сарқылатынын ойлайық. Қазіргі қарқынымызбен ауыз суды ысырыптауды жалғастыра беретін болсақ, 25 жыл деп берілген жер асты суының да көп әріге бармайтыны айдай анық. Артымызға қабыршақтанған қара жер мен шөл даланы қалдыратын болсақ, бізді ұрпақтарымыз кешірмесі анық!

Нұрғали Ғаббас

Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале