3.12.2019, 19:48
Оқылды: 88

Жанашыр аға еді

Жәнібек өңірінде елге қызмет еткен, халықтың мұң-мұқтажына жанашыр болған, есімдері күні бүгінге дейін ел аузында жүрген, елі сыйлайтын ағаларымыз баршылық. Әрине, олардың бірқатары фәни дүниеден өткен.Әйтсе де аруағы разы болсын деп, қолыма қалам алып, солардың бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл дегенде, ел-жұрт, туған жер дегенде еске алатын Рушан ағамыздың көзі тірісіндегі игі істерін жадымызда қайта бір жаңғыртуды жөн көрген жайымыз бар.

Кенжеғалиев Рушан Қанабайұлы ағамыз егер тірі болсабиыл желтоқсан айының басында 95 жасқа толатын еді. Амал нешік.Шын мәнінде өмірге бір-ақ рет келетін, ешкімді бөле-жара қарамайтын пейілі арқасында дүниеден өтсе де қаншама жанның көңіл төрінен өлмес орын алғаны рас.

janibek janashyr (3)

Ағамыз, Рушан 1924 жылы желтоқсан айының 5 жұлдызында Жәнібек ауданына қарасты Қоңырат ауылында байбақты – әйтеке Қанабай атамыздың шаңырағында дүниеге келген. Әулетте Рушан, Ғайса есімді екі ұл өскен. Екеуі де ауылдағы мектепте оқыған. Ата-аналары Қоңырат ауылдық кеңесіне қарасты «Қоңырат» колхозында қара жұмыста колхозшы болып жұмыс жасаған.

Рушан ағамыздың ғұмыр жолы өткен ғасырдың қоғамдық құбылыстарының дәлме-дәл көшірмесіндей көрінеді. Ол 1940 жылы он алты жасында елдегі жағдайға байланысты ФЗО-ға алынған. 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысындағы сұрапыл жылдардың қиындығын бастан кешіреді. 1943-1944 жылдары бірқатар қалаларды азат ету шайқасына қатысады. Оның өңіріне тағылған мемлекеттік наградалары осының айғағы. Мейрамдарда орден, медальдарды жарқыратып сапта келе жатырғанда оның бойынанерекше қуаныш сезімі сезілетінін байқайтын едік.

Елде тыныштық орнағасын Рушан ағамызды 1946 жылы Мәскеу әскери округіне қарайтын Телов әскери училищесіне оқуға жібереді. Осы оқу орнын 1948 жылы бітіріп, лейтенант  шенімен әскери міндетінен босап, өзінің туған елі Жәнібекке оралады. Ауылға келгесін аудандық ішкі істер бөліміне аға тергеуші болып жұмысқа орналасып, алғашқы бейбіт өмірдегі еңбек жолын осылай бастайды. Осы жылы өзінің ауылдасы, сол Қоңырат ауылында тұратын, қояс тегінен тараған Меңдіғали атамыздың әулетінің қызының үлкені Алтынға үйленеді. Бұл жанұяда оның Үміт, Қайыр деген бауырлары болған. Осылай басталған жарасымды жұптың жұбайлық өмірі Кенжеғалиевтер әулетін шаттыққа бөледі.

janibek janashyr (1)

Алғашқы күннен Рушан ағамыз аяулы жарын аялап, нағыз азаматтығын танытса, Алтын апамыз өзін қызындай көріп, бауырына басқан ата-енесін үкілеп күтіп, бар жылы-жұмсағын алдына тосып, оларды ренжітпеуге тырысқан. Қайнысының да  көңілінен шығып,үйге келген қонақтың да бабын таба біліп, ауылдағы құтты келін атанған. Есесіне ағамызда Алтын анамыздың бірде-бір туысын шеттетпей, әке-шешесін де ақтық сапарларына өз қолдарыменақ жуып, арулап аттандырып, бауырларын қанатының астына алған. Ал осының бәрі айналып келгенде Алтын  анамыздың жан баласын жатсынбайтын жақсылығы мен адамға деген жанашырлығының, ілтипаты мен ізгілігінің, сонымен бірге Рушан ағамыздың да биік адамгершілігі мен үлкен парасат иесі екенін дәлелдейді.

Ағамыз аудандық ішкі істер бөлімінен ауылдағы «Қоңырат» байланыс бөлімшесінің бастығы, Калинин атындағы ұжымшарда бастауыш партия ұйымының хатшысы, Орда селолық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары, «Ұзынкөл» кеншарында  директордың орынбасары, жинақ кассасының инспекторы, аудандық баспасөз одағының бастығы, Жәнібек селолық тұтынушылар қоғамының төрағасы қызметін атқарады. Осының бәрін ұршықша үйірген ағамызды аудандық дайындық мекемесіне аударады. Ендігі кезекте ағамыз аудандық байланыс торабының бастығы қызметіне ауысады. Рушан ағамыз зейнеткерлікке шығар алдында аудандық комуналдық шаруашылық мекемесінде жұмыс жасаған.

Ағамыз қандай қызмет атқарса да  шарапаты мен жақсылығын халықтан аямады. Оған аудан халқы куә. Ол жұртына сыйлы, еліне қадірлі болды. Ағамызбен әңгіме-дүкен құрғанда оның әңгімесінен алар үлгі, тағылым, тәлім-тәрбие  аз болмайтын.

Өткен ғасырдың тоқсаныншыжылдары халықтың қиналған кездерінде «Ақбидай» жекеменшік шағын кәсіпорын ашып, Жәнібекте он, он бес жылдай жүрмей тұрған диірменді жүргізіп, аудан халқын  ұн өнімдерімен қамтып, елге қызмет етті.

janibek janashyr (4)

Ол зейнеткерлікке шыққанымен қол қусырып үйде отырған жоқ. Аудан орталығындағы ардагерлер ұйымына жетекшілік етті. Басы ауырып, балтыры сыздаған адам, өлімді–жітімді болған жанұялар,той-думанды өткізетіндер осы ағамызды іздеп, мұңын шағатын еді. Ал ағамыз осылардың бәріне қол ұшын беріп, екі өкшесі жерге тимей көмектесуге тырысатын. Жаратылысынан адамға қамқор, жанашыр болуды мақсат еткен Рушан ағамыздың әрбір жақсы ісі еске түскенде «Болсайшы қазақтардың бәрі осындай» деген ой, ойға орала береді.

Әулетінің, отбасының шын бақыты бәрінен бұрын перзент сүюге,  өмірге ұрпақ әкелуге байланысты. Алтын анамыз, жұмысынан, үй шаруасынан қол үзбей жүріп, бес құрсақ Роза, Сара, Тамара, Дариға есімді төрт қыз, Серік есімді бір ұлды дүниеге әкеліп, өсірді. Осы бес ұрпақтан он бір бала, он алты немере, екі шөбере өсіріп, әулеттің үлкен ұрпақтары атануда. Ал осы ұрпақтардың әке-шешелері өз ата-аналарынан алған тәлім тәрбилерін балаларына  үйретіп, оларға жақсы тәрбие беруде.Үлкендерді сыйлауға, кішіпейілділікке үйретті. Еңбекке баулыды. Бұл да болса ата-ана арманының орындалғаны. Жер бетіндегі сапары үзілмеген ұрпақтары ізін абыроймен жалғастырып жүргенінің куәсі.

Бүкіл саналы ғұмырында сүйіспеншілік пен сыйластықтың, бірін-бірі аялаудың үлгісін паш еткен Рушан аға мен Алтын апаның жүректе жанған жұлдыздары ешқашан өшпек емес.

Рушан ағамыз көп жасамаса да қызығыда, қиыны да, талас-тартысы да мол, қайшылықты заманда мазмұнды ғұмыр кешті. Өзінің туған еліне адал қызмет етті. Оны Жәнібек жұрты ешқашан ұмытпайды.

Аруақ айтқан сайын аунайды деседі. Ендеше, елін сүйіп өткен жақсы ағамыздың жәннәтта нұры шалқығай.

                                                                            Қалиолла Мұқанов

                                                                           Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале