8.06.2018, 15:25
Оқылды: 41

Жаңажолда қатқыл табанды жол салу жұмыстары басталды

Қазталов ауданы әкімі Абат Шыныбеков Жаңажол ауылдық округінің Жаңажол, Көмекші ауылдарында, Көктерек ауылдық округінің Сатыбалды және Қарасу ауылдық округінің Бостандық ауылдары тұрғындарымен жүздесті.

Аудан басшысымен бірге Чапаев-Жалпақтал-Қазталов күре жолының бойында орналасқан Жаңажол ауылында болған сапарымызда ауыз толтырып айтар жаңалықтың куәсі болдық.

Жаңажол ауылының кіре берісі мен Жалпақтал ауылына апаратын шыға беріс жолдарына және ауыл ішіндегі 3 көшеге ұзындығы 7,5 км болатын қатқыл табанды жол салу жұмыстары басталған. Сонымен қатар 4 көшеге жаяу жүргінші жолы да жасалып жатыр. Бұл құрылыс жобасына республикалық бюджет есебінен 704 млн.887 мың теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстарын облыс жұртшылығына жақсы таныс «Айдана» ЖШС жүргізуде.

Құрылыс жұмыстарын аралап көріп, жаңажолдық ағайынмен кездескен аудан әкімі Абат Шыныбеков:- Елбасымыздың биылғы жылы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек» -деп атап көрсеткен болатын. Елбасымыз айқындап берген сол мақсат орындалып жатыр. Ауданымыз бойынша алғаш рет қатқыл табанды жол төсеу үшін жергілікті маңызы бар жолдарға қаржы бөлініп, өздеріңіз көріп отырғандай сол жол құрылысы Жаңажол ауылына да келіп жетті. Ауылдарыңызда былтырғы жылдан бастап «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз су жүйесі іске қосылып жатса, енді,міне, ауыл ішіндегі жолдың да мәселесі шешіліп жатыр. Осындай жұмыстар ауданымыздың басқа да округтерінде жалғасын табу үшін жұмыстанып жатырмыз,- деген сенімін білдірді.

Қайрат ЖАҚЫП,
Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале