9.10.2017, 18:33
Оқылды: 27

Жәнібек ауданында ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті  

 

Жәнібек ауданының күніне орай ауылдың шығыс бетіндегі тойтөбеде ұлттық спорт ойындары өткізіліп, онда аудан қонақтары мен жерлестерімізді аудан әкімі Азамат Сафималиев құттықтады.

Жергілікті күміс көмей әншілер Райымбек Кәрімов, Мейрамгүл Дәулетқалиева, Дана Қаратаевалардың ән шеруінен кейін, аударыспақтан финалдық ойындар басталып, нәтижесінде алғашқы үш орынды Нұрберген Аманғалиұлы, Мирас Берікбаев және Асыланбек Төлегенов иемденді.

Жиырма бір шақырымды құрайтын (жеті айналымнан тұратын) аламан бәйгеде өз ауданымыздан басқа, көршілес Бөкей Ордасы, Сырым аудандарынан келген сәйгүліктер де сап түзеді.

Бәйге барысында Бөкей Ордасы ауданының шабандозы Жасұлан Еділбаев мінген сәйгүлік мәре сызығын бірінші, сырымдық Айбат Меңдәлиев пен Эльдар Тасынғалиевтің қылқұйрықтары тиісінше екінші және үшінші болып қиып өтті. Оларға алған орындарына қарай сәйкесінше 500, 300 және 150 мың теңгенің ақшалай сертификаттары табыс етілді.

IMG_1106Қыз қуу ойынында Марина Жанапанова мен Мақсот Ғалым бір-бірін құтқармады. Екі айналымнан тұратын алты шақырымдық тай жарысында шабандоз Оралхан Ғаббасов тізгіндеген тұлпар бірінші, Жайық Жеңісовтің сәйгүлігі екінші, Ернар Жайыққалиевтың қылқұйрығы үшінші болып келді. Аталған шабандоздар 100, 70 және 50 мың тегенің сертификаттарына ие болды.

Қазақ күресінен «Түйе палуан» атағын сарапқа салуға барлығы он бір палуан қатысты. Әдісі мен күшін өзіне серік еткен белді жігіттердің белдесуінде жүлделі орындарды тиісінше Ерназар Хамзин (Қазталов), Сырым Байсов, Серік Самодиянов (екеуі де Жәнібектен) өзара бөлісті. Палуандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ал уақытқа есептелген қой көтеру жарысында шопан ата тұқымын ең көп көтерген Арман Есболатов оны өз қанжығасына байласа, екінші, үшінші орындарға ие болған Серік Самодиянов пен Табиғат Айтқалиевқа диплом және медаль табыс етілді.

Қалың көрермен мен қонақтардың көзайымына айналып, дала төсін дүбірге бөлеген ұлттық спорт ойындары осылайша өз мәресіне жетті.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ

Жәнібек ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале