25.08.2017, 17:37
Оқылды: 74

Жәнібек ауданында жас маман таныстырылды

Janibek tamiz konverenciasi   Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтіп, оған аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, мекеме басшылары, ардагер ұстаздар және жас мамандар қатысты.


  Жиын алдында аудан әкімі Азамат Сафималиев бастаған актив мүшелері аудан мектептерінің өткен оқу жылындағы атқарған қызметтері мен қол жеткізген жетістіктерін бейнекөрініс арқылы тамашалады. Тамыз кеңесін аудандық білім беру бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов ашып, аталған тақырыпта баяндама жасады. Кеңес барысында мектеп оқушылары ардагер ұстаздарға гүл шоғын сыйлады. Сондай-ақ аудан мұғалімдерін бүлдіршіндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде құттықтап, сәбилік сәлемдемелерін жеткізді.

  Бұдан соң баяндама бойынша жарыссөз басталып, Ө.Сақыпов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің директоры Гүлбарам Исентаева, «Балдәурен» балабақшасының меңгерушісі Ажар Хаби, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Тұрдыбек Сәрсенбай хабарлама жасады. Кеңесте аудан әкімі Азамат Сафималиұлы білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады.

   Тамыз кеңесінде мұғалімдердің үлкен тобына ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаты, облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы, аудан әкімінің алғыс хаты, аудандық білім беру бөлімінің грамотасы, білім беру бөлімі кәсіподақ комитетінің алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді. Облыстың құрмет тақтасына жазылған мұғалімдердің есімдері үлкен ілтипатпен аталды.

   Кеңесте, сондай-ақ ауданға биыл жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіріп келген 19 жас маман таныстырылды. Оларға ардагер ұстаз Дина Сапашева ақ жол, сәттілік тіледі. Тамыз кеңесі «Ұстазым» әнімен өз мәресіне жетті.

А.ЕСІРКЕПОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале