14.05.2018, 11:19
Оқылды: 24

Жәнібек мектептеріндегі компьютерлердің тозығы жеткен

hqdefaultЖәнібек ауданында цифрлы технология ауылдық жерлердегі тұрғындарды қолжетімді ақпараттармен барынша қамтамасыз етуде.

 Мәселен, аудандық ішкі істер бөлімі бұл күнде көшедегі жол қозғалысын, тәртіпті бейнекамера арқылы бақыласа, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде оқушылардың ара қашықтығын ҚР Білім және ғылым министрлігі осындай әдіспен қадағалайды. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында да жаңа технологиялармен жұмыс істеу үдерісі жүзеге асуда. Дейтұрғанмен ауданға жаңа технологияның бәрі бірдей еніп кетті деуге әлі ертерек. Бұл тұрғыда біраз мәселелер баршылық. Ауданда интернет байланысы өте нашар, кең жолақты, талшықты оптикалық байланыс жүйесі жоқ.

Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың бізге берген мәліметіне сәйкес, аудан мектептерінде барлығы 438 компьютер болса, соның 315-і ғана жұмыс істейді, дәлірек айтқанда, 123 компьютердің тозығы жеткен. Сондықтан тағы да 263 компьютер алу керек.

- Компьютерлердің техникалық мүмкіндігі қазіргі заманға сай келмейді. Мысалы, бізде  egov.kz порталы жұмыс істейді. Алайда ол аудан тұрғындарының басым көпшілігіне бейтаныс, ақпараттық сауаттылық төмен, оны  қолдану өз дәрежесінде емес немесе ақпараттандыру жетіспейді деп айтуға толық негіз бар. Сол сияқты аудан орталығынан шалғай ауылдардағы интернет байланысының нашарлығынан тұрғындар аудандық халыққа қызмет көрсету орталығынан анықтама алу үшін жүздеген шақырым қашықтықтан аудан орталығына келеді.

Ал цифрлы технология күнделікті өмірімізге енсе, бұл жағдай  болмас еді. Тұрғындар анықтама, басқа да қажетті құжаттарды алуға аудан орталығына сабылмай немесе аталған орталық қызметкерлерінің ауылға келгенін күтпей-ақ интернет арқылы барлық шаруасын бітірер еді. Цифрлы технологияның енбеуіне байланысты бізде ақпараттық жүйелердің шоғырлануы, бірігуі тиісті деңгейде емес.

Мысалы, АХАЖ мекемесінде тұрғындардың дүниеге келген жылын, айын, күнін салатын жүйе бар. Бірақ ондағы мәліметтер басқа мемлекеттік мекемелердегі осындай мәліметтермен салыстырғанда қозғалыстары бір-бірімен сәйкес келе бермейді, әрқайсысында көрсеткіш әр бөлек. Бұған белгілі жүйе керек. Мәліметтердің бәрі базада бірдейленіп, көрініп тұруы қажет,-дейді Жақсылық Кәримоллаұлы өз сөзінде.

                                                                                  Н.Жапақов

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале