14.07.2017, 18:19
Оқылды: 29

Жәнібекте 44 ата-анаға айыппұл салынды

Жәнібек аудандық «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінде жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу және төтенше жағдайларды болдырмау бағытында шара өтті.


Шарада сөз алған аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Зәмзагүл Макишева мен аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі инспекторы Айбек Ғазезов лагерь демалушыларына кешкі сағат 10-нан кейін көшеде ата-анасыз жүруге болмайтынын, бөгде адамдардың автокөлігіне отырмау, үйде жалғыз қалғанда бейтаныс адамдарға есік ашпау сияқты қауіпсіздік шаралары туралы айтып өтті.

–Үстіміздегі жылы аудан бойынша 44 ата-анаға балаларын белгіленген уақыттан кейін қараусыз жібергені үшін айыппұл салынып, қатаң ескерту берілді. Сондай-ақ Тау ауылында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында бопсалау фактісі анықталып, бүгінгі таңда қылмыстық іс қозғалды. Мұндай жағдай орын алмау үшін Заң талаптарын қатаң сақтау қажет. Құқық бұзсаңыздар сіздердің ата-аналарыңыз материалдық шығын төлейді немесе жауапқа тартылады, - деді өз сөзінде А.Ғазезов.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова мемлекеттік саясат кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғайтынын, бұл тұрғыда ата-аналарға да зор жауапкершіліктер жүктелгенін жеткізді. Ол, сонымен қатар балаларға бопсалау, күш көрсету немесе кез-келген құқық бұзушылық фактісі орын алған жағдайда 21-0-26 сенім телефонына қоңырау шалуларына болатындығын мәлім етті.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Мерлан Күлтенов пен №20 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Жақсылық Есентаев оқушыларға тыйым салынған жерлерде суға шомылуға болмайтынын ескертіп, төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы мәлімет беріп өтті.

Кездесу барысында лагерь демалушылары «Дұрыс жолды таңда», «Өзіңнен баста» атты бейнероликтерді және №20 өрт сөндіру бөлімінің оқу-жаттығуынан көріністі тамашалады.

Б.ЖҰМАҒАЗЫ,

Жәнібек ауданы 

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале