10.11.2017, 11:37
Оқылды: 28

Жәнібекте 94 жол белгісі орнатылды

 

IMG_0304Жәнібек ауылының ішінде жол белгілерін орнату жұмыстары аяқталды.

Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқын Хайырлиевтің мәліметінше, биыл қазан айынан аудан орталығында басты жол болып саналатын Жеңіс көшесінің оңтүстік жағынан басталып, М.Мәметова атындағы көше түгелдей, сол сияқты Х.Чурин атындағы көше және солтүстік бағыттағы темір жол өткеліне жол белгілері орнатылған.

-Бұл арада Ғ.Қараш атындағы көшенің шығыс бөлігінен, яғни Орал қаласынан келе жатқанда аудан орталығына кіре берісі және М.Ықсанов атындағы көшенің орталық алаңынан Абай көшесіне дейінгі қиылыста  бұрыннан да тұтастай жол белгілері орнатылғанын тұрғындар мен автокөлік жүргізушілердің назарына сала кеткім келеді,-дейді аталған бөлімінің басшысы.

-Сонымен қатар жақында Т.Жароков атындағы мектеп пен аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің алдына «Жаяу жүргіншілер жолы» деп аталатын жол белгілері орнатылды.

Аталған бөлім басшысының айтуынша, Т.Жароков атындағы мектеп ауласының бойында, «Алтын ұя» бөбекжайының маңындағы жол бойына көліктерді тоқтатуға тиым салынатын белгілер орнатылып, осы мекемелер ғимараттарының айналасына көлік қоятын арнайы орындар жасақталған. Жалпы, Жәнібек ауылының ішінде соңғы кездері 94 жол белгісі орнатылған. Бұл жұмыстар қаржы бөлінуіне байланысты таяу жылдары жалғасын таба бермек.  Бөлім басшысы сонымен бірге алдағы уақытта «Жылдамдықты шектеу», арнайы жасақталған «Жол белгілерінің сызбасына» сай тағы да басқа қажетті жол белгілерін қою жоспарда бар екенін айтады.

-Жол белгілерін орнатумен бір мезгілде Жәнібек ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы көшедегі жаңа үйлердің алдымен М.Мәметова атындағы көшенің Жеңіс көшесіне дейінгі қиылыстан Т.Жароков атындағы мектеп ауласына кіре беріс жерге дейін жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізілуде. Бұл құрылыстың күні бүгін 80 пайызға жуығы атқарылып, таяу уақытта аяқталу қарсаңында,-дейді Жарқын Ғиниятұлы өз сөзінде.

                                                                                       Н.Өтей

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале