28.04.2018, 12:14
Оқылды: 44

Жәнібекте «Ақмаржан» бишілер ансамблі өнер көрсетті

 

IMG_2541Жәнібекте «Ақмаржан» халықтық бишілер ансамблінің «Би – өнердің  тәңірі» атты концерті өтті.

Ауданымыздағы 20 жылдан астам тарихы бар «Ақмаржан»  халықтық бишілер ансамблі үш топта бишілер дайындап, би өнерін өз дәрежесінде ұлықтап, насихаттау жолында өзіндік өрнегімен көріне білуде. Ал ансамбльдің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан ұжым жетекшісі Зәмзәгүл Мұратованың еңбегі орасан. Талғамы биік хореограф еңбек жолында  репертуар таңдауға мән беріп, тарихи оқиғалар мен табиғаттың көзге  көрінетін құбылыстарын сезініп, қимыл-қозғалыстарымен өзінше жеткізіп келеді. Зәмзәгүл Мұзаппарқызы жуырда өткен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» облыстық фестивалінің жүлдегері атанды.

Сондай-ақ мерекелік концертте құрылғанына аз уақыт болса да, би қоюдағы заманауи көзқарасымен, қиялымен ерекшеленіп, биге жаны құштар балғындарды баулып жүрген жас маман, хореограф Әсел Ержанованың жетекшілігіндегі «Інжу» бишілер тобы да өз өнерлерін паш етті. Белсенді бишілер тобы таяуда Орал қаласында өткен Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Burabay Summer Fest» халықаралық балалар телевизиялық  фестивалінің іріктеу кезеңіне қатысты.

Сахна шымылдығы «Ақмаржан» бишілер ансамблінің «Шалқыма» биімен ашылды. Әрмен қарай кеште «Қамажай», «Балапан қаз», «Ырғақ», «Жайлау», «Орыс ұлтының биі», «Сығандар», «Еврей», «Самұрық» билері көрсетіліп, көрерменге тамаша көңіл күй сыйлады.

Бишілердің төл мерекесінде жезтаңдай әншілер Мейрамгүл Дәулетқалиева, Дана Қаратаева, Райымбек Каримов ән салса, күйші Шынтемір Рамазанов Боранқұлдың«Салтанат» күйін күмбірлетіп, қобызшы Рита Малаева «Жұбатуға арналады» композициясын тарту етті.

Г.ТӨРЕҒАЛИЕВА,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале