28.05.2020, 12:03
Оқылды: 52

Жәнібекте әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтуде

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында Жәнібек ауданына жалпы 785 млн. теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда сол қаражат арқылы аудандағы бес жоба қаржыландырылып, Тау ауылындағы Ғ.Абдуллин, Жақсыбай ауылындағы М.Ықсанов атындағы орта мектептер мен Талов ауылында орналасқан мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

902C653F-2D72-494E-82D8-B39F0DCB539E

Облыс әкімі Ғали Есқалиев желтоқсан айында жұмыс сапарымен аталған ауылдарға барып, күрделі жөндеуді қажет еткен нысандардың жәй-жапсарымен танысты. Осы нысандарға қатысты нақты тапсырмалар беріп, өз бақылауына алды. Жер аяғы кеңіген бойда жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жақында жөндеу жұмыстарының барысымен танысу үшін аталған ауылдарға бардық.

917FB1A3-7AFE-4A8D-84D0-6C304E4339BD

Ғ.Абдуллин атындағы орта мектеп ғимаратының жөндеу жұмыстарына 147 млн. 427 мың теңге бөлініп, тендерді «Қалдығайты» ЖШС жеңіп алған. Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешовтың айтуынша, аталмыш ғимараттың жөндеу жұмыстарына ауылдан 21 адам тартылған. Олардың ішінде 5 жас тұрғын, аз қамтылған отбасыдан 8, көпбалалы отбасыдан 3 және жұмыссыздар қатарынан 5 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ауылдың зейнеткері, ардагер-ұстаз Риза Сағынаева жөндеу жұмыстарына қатысты өз ойын білдірді.

434F05F5-5307-476B-97A2-B62EFF80DF06

-Президентіміздің бастамасымен және өңір басшыларының қолдауымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар тізіміне бірнеше нысандардың қайта жаңғыртылуы мен жөндеу жұмыстары енгені белгілі. Ауылымыздағы білім ордасы бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. 1992 жылы ашылған мектепке 2007 жылы жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді, міне, мектептің күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып, көркейетініне қуаныштымыз, - деді Риза Қайырманқызы.

89C8BC98-A710-4CA9-9653-B93B7A4AA952

Мектепті күрделі жөндеуге атсалысып жүрген жас буын өкілі Ертарғын Қадырболатов карантин кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға бұл үлкен қолдау болғанын айтты.

9E160B85-D961-45AF-80F7-2C25158C0A14

-Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында ауылдың біраз азаматы жұмысқа тартылып, нәпақасын алып отыр. Мен осы мектептің түлегімін. Қазір студентпін. Карантин жарияланғаннан кейін студенттер ауылдарына қайтты. Қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Мектептің құрылысы басталғаннан кейін ауылымыздың жастары, ер-азаматтары жұмысқа алынды. Жалақым 85 мың теңге. Студент жастарды бос уақытында жұмыспен қамтығаны үшін облыс, аудан басшыларына алғысымды білдіремін, - деді Ертарғын.

6AE3B55D-E725-4B93-B5CC-0872C4E7CDBA

-Күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған мектеп оқушылардың білім алуға деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Мұның өзі мектепте білім беретін мұғалімдердің де ынтасын көтеруге дәнекер болады. Болашақ өскелең жастардың қолында, ал біздің басты міндетіміз сапалы білім алу. Бізге осындай мүмкіндікті сыйлаған облыс, аудан әкімдеріне ризашылығым мол, - деді 9-сынып оқушысы Шынар Амангелді.

67F47F5F-F694-4C23-97C9-5629118EB109

Жақсыбай ауылындағы М.Ықсанов атындағы орта мектеп 1981 жылы салынған. Мектепте 181 оқушы білім алса, 40 мұғалім, 6 тәрбиеші және 33 кіші қызметкер еңбек етуде. Білім ордасының жөндеуге дейінгі көрінісі көңіл құлазытарлық болғанын көзіміз көрді. Төбесінен су ағып, қабырғалары әбден тозған. Жақсыбай ауылдық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Шамиль Досжановтың сөзінше, мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен күрделі жөндеуден өтпеген. Мектептің күрделі жөндеу жұмысына мемлекеттен қаржы бөлініп, биыл 5 мамырдан бастап жұмыс басталып кетіпті.

B2A2EED1-C81D-4F0C-BFEE-3128F31A6CCC

-Бұл мектепте балаларым оқыды, қазіргі таңда немерелерім оқып жатыр. Әрине, мектеп жөнделгеннен кейін ауыл тұрғындарына бұл үлкен қуаныш болмақ. Біріншіден, ол ауылдың көркі, екіншіден мектеп қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтылады. Үшіншіден, ауылдағы 30-ға жуық жас тұрғынға жұмыс табылды. Мұның өзі көңіл қуантарлық жағдай, - дейді Ш.Досжанов.

7F815DC0-414A-4CA7-B53C-FDD3B6642317

Мектепке күрделі жөндеу жүргізіп жатқан мердігер «Қалдығайты» ЖШС. Жұмыстың басы-қасында бақылап жүрген учаске бастығы Берік Алдабергеновті көріп қалып тілдестік. Ол біздің газеттен екенімізді білген соң қолындағы бар мәліметті айта бастады. Оның мәліметінше, орта мектептің ғимаратын жаңарту жұмыстарына 270 млн. 659 мың теңге бөлініп, құрылысқа жергілікті жерден 39 адам тартылған. Басым бөлігі жастар болып шықты. Мұнда 50-ге жуық құрылысшы еңбек етуде. Учаске бастығы жөндеу жұмыстары 25 тамызда аяқталатынын айтты. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылысшылардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Жұмысшылардың жалақысы 85 мың теңгені құрайды.

71F7432F-3938-4A53-AB0F-75D3354D0A0F

Құрылысы жүріп жатқан мектептің ішіне енгенімізде құрылысшылар төбесін жабуға кірісіп кеткен. – Күні бүгін жұмыс қарқынды, еш кедергі жоқ. Құрылысқа қажетті материалдардың барлығы уақтылы әкелінуде, - деді мектептің шатырын қағып жатқан Асылбек есімді ағаш ұстасы.

Талов ауылдық мәдениет үйінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Құрылысты қолға алған мердігер «Символ» ЖШС-нің басшысы Есқайыр Елемесовтың сөзіне сүйенсек, жоспар бойынша құрылыс 11 айдың ішінде аяқталуы тиіс.

-Жөндеу жұмыстарын жоспарға сәйкес 11 айға созбай, қыркүйек айына дейін бітіруге тырысамыз. Бұл жобаға мемлекеттен 40 миллионға жуық қаражат бөлінген. Жұмысқа өзімізден 12, ал биржадан 6 адам тартылуда. Жалақы айына екі рет 42500 теңгеден, дәлірек айтқанда 85 мың теңге төленуде. Бұған дейін өзіміздің және басқа да аудандардағы нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Айталық, Ұзынкөл ауылындағы мәдениет үйі, Жәнібекке кіреберістегі тұрғын үйлер, тағы да сол сияқты нысандардың құрылысына атсалыстық. Бұл жобаны да абыроймен аяқтап, тапсырамыз деген үміттемін, - деді «Символ» ЖШС-нің басшысы Есқайыр Кафарұлы.

Талов ауылдық мәдениет үйі 1961 жылы салынып, қолданысқа берілген. 2009 жылы шағын жөндеуден өткен. Мәдениет үйінің директоры Жасұлан Пайдиннің айтуынша, мәдениет ошағы күрделі жөндеуге дейін төзгісіз жағдайға жеткен. Осында өтетін мәдени шаралар кезінде тұрғындар қыс мезгілінде сырт киімдерімен отырған. «Іште отырып, концерт тамашалаған кезде өзіңді жайсыз сезінесің», - дейді ол өз сөзінде.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың Талов ауылындағы кеңесші-маманы Гүлдәрия Бекенова:

-Ауылымыздың мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Бұл ауылдағы үлкен мәселенің бірі болатын. Талов ауылының жастары белсенді. Қандайма болса шараны осы мәдениет үйінде өткіземіз. Енді жастар жоспарлаған жұмыстарымыз жүзеге асатын болды. Жайлы, жылы мәдениет ошағында түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, жиналыстарды өткізу біз үшін зор қуаныш, - дейді кеңесші-маман.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданымызда бес ірі жобаның құрылысы қарқын алуда. Карантинге қарамастан аталған үш ауылдағы құрылысты қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Амандық болса, күрделі жөндеуден өткен білім ордалары мен мәдениет ошағын жаңғырып, жаңарған кейпінде көреміз.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале