2.10.2019, 10:57
Оқылды: 326

Жәнібекте биыл мал ұрлығына қатысты 12 қылмыс тіркелген

Жәнібек ауданында жыл өткен сайын мал ұрлығының саны артуда. Бірінің малы өрістен, бірінікі қорадан ұрланды.

1malurligi

Малдың жоғалуының бірінші себебі оның бағылмауынан. Бұрын малды ит-құс жесе қаңқасы қалып, қарға үймелеп, «менмұндалап» жатушы еді. Қазір жоғалған мал зым-зия, бір белгісі қалмайды. Демек, малдың жоғалуының басты себебі – ұрлық, яғни адамның ісі.

Аудандық полиция бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың тоғыз айында 20 қылмыстық құқықбұзушылық дерек тіркелсе, оның он тоғызы ашылды. Бір қылмыстық істе күдікті анықталмауына байланысты ҚР ҚПК-ның 45-бабы 1 бөлігі 7-тармағына сай мерзімі өндірістен үзілді. Ал биыл тоғыз ай ішінде мал ұрлығына қатысты 12 қылмыс тіркелген. Оның тоғызы аяқталып, үшеуі күдікті анықталмауына байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

-Аудан бойынша мал ұрлығы өршіп тұр. Қазіргі уақытта қиындық туғызып отырған даладағы мал ұрлығы. Қараусыз, бағусыз жүрген мал ұрыларға тегін олжа емес пе? Даладан ұрланған малды табуға көп күш, уақыт керек. Біз оны тапқан бойда сотқа жібере алмаймыз. Нақты дәлелдемелер іздеп, сол дәлел арқылы сотқа жібереміз. Ал айғақ табу үшін ұрланған мал уақытында құзырлы органдарға хабарлануы керек. Тұрғындар өздері жіберген малды екі-үш аптадан кейін немесе ай өткен соң іздеп таппаған соң бізге хабар береді. Ол уақытта қылмыстың ізі суып үлгереді. Осы тұрғыда жұмыстар кеңінен жүргізіліп жатыр. Шындығын айту керек, мал ұрлығы аудандағы ең күрделі мәселе. Ал учаскелік инспекторлардың әрбір малдың соңында жүруге мүмкіндіктері жоқ,- деді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Медет Бисақов.

Гүлзара Тілекқабылқызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале