28.07.2017, 16:47
Оқылды: 20

«Жәнібекте мектеп-лицей ашу қажет»

Жәнібек ауданында қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудан әкімінің орынбасары, кеңес мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен білім саласының басшы-қызметкерлері қатысты.


Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Кенжеғалиев аудан бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы хабарлама жасады. Ол бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, Жәнібек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерсайын Құбашев, зейнеткер-ұстаз Қабаш Жүнісовтер өз ойларын ортаға салды.

– Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ауданымыз облыста бірінші орынға шықты. Бұл – үлкен жетістік. Жақында аудан әкімі Азамат Сафималиұлы бір топ еңбек ардагерлерімен кездескен кезде Қабаш Жүнісов ауданда білім саласын дамыту үшін мектеп-лицей ашу қажеттігін айтқан болатын. Биыл бір мектептен осыны ашу мүмкіндігін қарастыру керек сияқты. Сондықтан бүгін біз осы мәселені күн тәртібіне шығарып отырмыз,-деді екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған Бекет Әліпқалиұлы.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің өте орынды екендігін, оны қолдайтындығын айта келіп, лицейді №1 орта мектебінің базасынан ашуға болатындығын, ол үшін атқарылуға тиісті негізгі шараларды атап өтті. Күн тәртібінде қаралған бұл мәселе аудан әкімі Азамат Сафималиевтың  тарапынан да қолдау тапқанын атап өтейік.

Басқосу барысында оған қатысушылар өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, түрлі ұсыныстарын ортаға салып отырды. Соңында аудандық қоғамдық кеңес атқарушы органға ұсыныс түсіретін болды.

А.ЕСІРКЕПОВ

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале