23.02.2018, 10:48
Оқылды: 31

Жәнібекте шекара тәртібіне байланысты жиын өтті

Жәнібек ауданының Қамысты ауылында шекара тәртібіне байланысты жиын өтіп, оған ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Басқосуда «Қайрат» шекара заставасы бастығының орынбасары Кирилл Пермяков хабарлама жасап, мемлекеттік шекараны қорғау, шекара аймағындағы тұрғындардың жүріп-тұруы, шекарадан үй жануарларының шығып кетпеуі, шекаралық белдеу, шекара ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері тағы да басқа көптеген мәселелерді тілге тиек етті. Жиында учаскелік шекарашы Мақсат Құнанбаев шекара аймағында қолайлы әлеуметтік-саяси жағдай қалыптастыру бойынша өткізілетін шаралар жөнінде баяндады.

Шекарашылар өз сөзінде шаруа қожалықтарының жетекшілері мен қарамағындағы малшылардың Ресеймен екі ортадағы шекарадан мемлекет белгілеген жерінен өтуін, мал бағатын малшылардың бөгде адамның шекарадан өткенін көзі шалса, дереу шекара қызметкерлеріне  хабарлауын, мал иелерінің шекарашылар қойған талапқа түсіністік танытуын, бір сөзбен айтқанда еліміздің әрбір азаматының шекара қызметіне үлес қосуы қажет екендігін ұғынықты тілде айтып, жиынға қатысушылар тарапынан бұл мәселелерге орай туындаған сауалдарға айқын жауаптар берді. Жиын барысында шекара өкілдерінің хабарламалары қаперге алынып, Қамысты ауылының шекаралық аумақта орналасуына байланысты ауылдық округ әкімдігі мен ауылдағы учаскелік инспектор Жәнібектегі ҚР ҰҚК 2036 әскери бөлімінің өкілдерімен бірге мемлекеттік шекара саласындағы еліміздің заң нормаларын бұзбау туралы тұрғындар арасында айына екі  реттен кем емес түсінік жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім қабылданды.

                                                                                      Н.Жапақов

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале