6.10.2017, 10:56
Оқылды: 84

Жәнібекте ұстазға ескерткіш тақта орнатылды

 

800Жәнібек колледжінде Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім, Жәнібек ауданының құрметті азаматы, биыл 100 жас мерейтойы аталып отырған ұстаз Халел Өрекешевке ескерткіш тақта орнатылды.

Ұлағатты ұстазға арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында аудан әкімі Азамат Сафималиев сөз сөйлеп, аудандағы  білім саласының өркендеуіне зор үлесін қосқан абзал азаматқа ризашылығын білдірді. –Бұл болашақ ұрпақ алдағы уақытта елге еңбегі сіңген осындай адамдарды біліп жүрсін деген мақсатта жасалып жатқан шара. Мұны Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар»  мақаласында айтылған жайттардың бір тетігінің жүзеге асуы деп түсінуіміз қажет,-деді аудан басшысы. Салтанатты шарада ұлағатты ұстаздың қызы Мира Өрекешева, ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов қадірменді ағаның жас жеткіншектерді тәрбиелеудегі игі ісі мәңгілікке ұмытылмайтынын, соның бір көрінісі ретінде оның ұзақ жылдар мектеп директоры болып қызмет атқарған Абай атындағы мектеп-интернаттың ізіндегі ғимаратта ескерткіш тақтаның орнатылуы екенін айта келіп, аудан әкіміне, аудандық білім беру бөлімі, колледж басшылығына алғыстарын жеткізді.

500Абзал азаматқа арналған шара бұдан әрі  №1 мектеп-лицейінде «Еске аламыз ұстаз ағаны» атты мерекелік кешке ұласты. Кешке жиналғандар алдымен ұстаз өмірінің қырлы да сырлы белестерін бейнефильм арқылы көріп, 77 жасқа қараған шағында дүниеден озған марқұмның рухына тағзым етті. Бұдан соң ұлағатты ұстазды бірге қызметтес болған әріптестері Қабаш Жүнісов, Сәния Ғайнөшева, қызметтестері Мұрат Машаев, Үміт Ибраева, шәкірті Зәмзагүл Сапарғалиева, туысқаны Айдарбек Жұманиязов, қызы Мира Өрекешева еске алып, оның өнегелі өмірі жайында бір үзік кестелі әңгімелер айтты. Шара барысында белгілі ақын Назгүл Кәрімова ұлағатты ұстазға арнап жырдан шашу шашса, мектеп оқушылары Ақұштап Қуанышқалиева, Әсем Хамит арнау өлеңдер оқыды. Кешті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев қорытындылап, алдағы уақытта да кезінде ауданның экономикасы мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың есімі ұмытылмайтынын, оларды ұлықтау шаралары жалғасын таба беретінін мәлім етті.

                                                                                     Н.Өтей

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале