6.07.2020, 15:54
Оқылды: 239

Жәнібекте жаңарған тынымбақ ел игілігіне берілді

  Жәнібек ауданы орталығындағы А.Иманов атындағы көшеде орналасқан тынымбақты қайта жаңғырту жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған. Елімізде енгізілген шектеулерге қарамастан тынымбақ бүгін қолданысқа беріліп отыр.

5B885223-A294-4A6E-9B80-89666E7ADB20

 Аудан әкімі Азамат Сафималиевтің айтуынша, жаздың аптап ыстығында субұрқағы мен демалатын орындықтары бар тынымбақтар тұрғындарға ауадай қажет.

    -Аудан орталығындағы саябағымызды қайта жаңғыртып, қолданысқа беріп отырмыз. Жаз мезгілінде ешкімге үйде отыр деп бұйыра алмаймыз. Тұрғындар таза ауада серуендегісі келеді. Бірақ айта кету керек, елімізде енгізілген шектеулерге байланысты тынымбақта демалған кезде санитарлық нормаларды сақтауға тырысайық,- деді аудан басшысы.

28BB9D17-107D-4F1D-8FA2-FA7907D5ACF6

    Құрылыс жұмыстарының мердігері «Символ» ЖШС-нің басшысы Есқайыр Елемесовтің сөзіне сүйенсек, құны 43 млн. 979 мың теңгені құраған тынымбақ 2 айда пайдалануға беріліп отыр. Құрылысқа 22 жұмысшы тартылған.

   -1326 шаршы метр жерге өрнектас төселді. 33 дана жарықтандыру шамы қойылды. Субұрқақ толығымен жаңартылды. Жаңа екі насос қойылып, су трассасы тартылды. Орындықтар орнатылды. Алдағы уақытта тынымбақ Жәнібек ауылдық округінің балансына беріледі. Әрмен қарай абаттандыру мен көгалдандыру қажет. Тынымбақты күтіп ұстау аталған округ әкімдігінің құзыретінде болады. Тынымбақта орналасқан дүкендердің иелері де ауылды көркейтуге үлес қосып,  дүкендерінің сырт-келбетін ретке келтірсе дейміз. Көліктерге арналған автотұрақ жасауды көздеп отырмыз. Аудан бойынша жүзге жуық жол белгілерін орнаттық, - деді Жәнібек аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Жарқын Хайырлиев.  

      Ауыл тұрғындары да жағымды жаңалыққа дән риза. Мәселен, Жәнібек ауылының тұрғыны Әмина Құлжанова:  «Ауылдың көркі үшін істелген жұмыстың бәрі жақсы. Ауданда демалатын, тынығатын орындар көбейсе, біз қуанамыз. Алдағы уақытта жаңарған субұрқақ тоқтамаса, тіптен керемет болар еді»,- деді ауыл тұрғыны.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале