9.08.2017, 15:24
Оқылды: 21

Жәнібекте жаз маусымы басталғалы 10 өрт оқиғасы тіркелді

Жәнібек ауданының Күйгенкөл, Ақоба ауылдық округтерінің аумағында өрт оқиғалары тіркелуде.


Күйгенкөл ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Зейнолла Рахмушевтің айтуынша, өрт 2 тамызда осы округтің «Талас» елді мекенінде болған. Бұдан әрі «Кардон», «Шұңқыркөл», «Әбдіраман» сияқты елді мекендерді шарпыған. Ауыл адамдары бірлесіп, осы маңдағы өртті сөндірген. Сондай-ақ  4 тамызда Ақоба ауылдық округіндегі «Көккөз» елді мекені жағынан өрт басталып, көршілес Күйгенкөл ауылындағы 4-5 елді мекенді шарпып өткен. Тамыздың 5-8 күндері аралығында да аталған екі ауылдық округтің бес-алты елді мекенінде тап осындай жағдай қайталанған.

Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың айтуынша, аудан аумағында жаз маусымы басталғалы өрт оқиғасының 10 дерегі тіркелген. Күйгенкөл, Ақоба ауылдық округтерінде осы ауылдағы тұрғындармен бірге Жәнібек ауылынан көмекке барған 40-тан астам адам және бір «Беларусь» тракторы бұлығымен өртті ауыздықтауға қатысуда. Сондай-ақ аталмыш ауылдардағы шаруа қожалықтарының техникалары мен су тасығыштары өрт сөндіруге атсалысуда.

– Өртке шөп шабу кезінде техникадан шығатын от ұшқыны себепші. Тілсіз жаудан келген адам, мал шығыны жоқ. Дегенмен қырағылық танытып,  сақ болу керек. Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының мүшелері  жұмыла, жабыла кіріскенде ғана қауіптің алдын аламыз,-дейді Жақсылық Каримоллаұлы.

                                                                            Н.Өтей

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале