2.03.2018, 17:15
Оқылды: 34

Жәнібектегі дүкенде жұмада нан тегін беріледі

Жәнібек ауылындағы кәсіпкер Дәржан Ахметқалиеваның «Олжас» жеке дүкенінде әр аптаның жұма күндері аз қамтылған, көп балалы отбасыларға нан тегін таратылуда.  Кәсіпкер, сонымен қатар, дүкеніне жақында су жаңа терминал сатып әкеліп қойған. Тұрғындар қалаға бармай-ақ банк несиелерін және коммуналдық қызмет төлемдерін дүкендегі терминал арқылы төлеп тұрады.

– Бірінші наурыз Алғыс айту күніне орай аталған топтағы отбасыларға нанды тегін берудеміз,- дейді кәсіпкер. -Негізінен бұл акцияны биыл қаңтар айынан бастадық. Өзіміз пісіріп, дайындап шығаратын нанның бір бөлкесі 80 теңге тұрады. Әр аптаның жұма күндері шығарылған 55 дана бөлке нанның қатып қалып, ысырапқа ұшырауын болдырмау мақсатында сол күні дүкенге келіп сауда жасаған тұрғындарға да әншейін таратамыз. Қайырымдылық шарасын бұдан былай да жалғастыра беретін боламыз, -  дейді кәсіпкер.

Дүкенге келіп, нан алып жатқан  әйел адамды әңгімеге тарттық. -Гүлсара Хамидуллинамын, -деп таныстырды ол өзін. -Зейнеткермін, жұбайым бірінші топ мүгедегі. Жұма күндері осы «Олжас» дүкенінен бір бөлке тегін нан алып тұрамын. Қоғамның әлжуаз топтарына осындай қайырымдылық акциясын ұйымдастырған кәсіпкер Дәржан Ахметқалиеваға тұрғындардың атынан зор алғысымды айтамын. Оған деген ризашылығымыз шексіз. Алғыс, бата алған жанның зор болмаса, қор болмасы анық. Кәсібі өрлеп, табысқа жете берсін!

Н.Жапақов,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале