26.07.2018, 9:15
Оқылды: 52

Жәнібектегі жер-су мәселелері талқыланды

Zhanibek zher-suЖәнібек жеріндегі киелі орындар мен тарихи  нысандардың тізбесін анықтау, бекіту мақсатында аудандық музейде дөңгелек үстел оздырылды. Онда қатысушылар назарына киелі жерлеріміз туралы арнайы әзірленген слайд пен өлкетанушы, ҚР Ұлттық Музейі имидждік-ақпарат қызметінің басшысы, жер-су атаулары бағытындағы зерттеу мақалалардың авторы Дәулеткерей Құсайыновтың жерлестеріне бейнесәлемдемесі ұсынылды.


Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уалиев 1950 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатында Жәнібек селосының оңтүстік батыс жағында ұйымдастырылған Жәнібек стационарының (Академбақ) күтімсіз қалғанын, сондықтан баққа құқықтық мәртебе беру мәселесін қозғады. Сонымен қатар ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында республикалық деңгейде ашылған Желқалақтағы насос стансасын сақтап қалуды ескеру, сол жерге ескерткіш тақта орнату, ауданымыздың «Жәнібек» атауын Әз-Жәнібектің есімімен атауға толық тұжырым бар екендігін айта келіп, Жәнібек ханға ескерткіш орнату, Жәнібек өңірінде дүниеге келген атақты адамдардың есімін жаңғырту қажеттігіне тоқталды. Ол сондай-ақ жазушы Михаил Шолоховтың 1972-1976 жылдары аялдаған М.Ықсанов атындағы көшедегі №76 үйге ескерткіш тақтаның  қойылу тарихына шолу жасап, Тіленші, Жиенбет, Торғын атауының, Ресей Федерациясының Палласовка ауданына қарасты Савинка селосындағы  Күлік елді мекені атауының шығу тарихын тарқатты. Амангелді Мырзағалиұлы сондай-ақ аудандағы киелі орындар мен құлпытастарды күтімге алу, сақтаудың  кезек күттірмейтін  жайт екендігін тілге тиек етті.

Дөңгелек үстел барысында музейдің байырғы қызметкері Улия Мағзомова, еңбек ардагерлері Қабаш Жүнісов, Болат Закарин аудандағы тарихи орындар жайында өз ойларымен бөліссе, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов Жәнібек атауының қайдан шыққандығына айқын мәліметтер келтіріп, ауылға кіре берісте «Ғұмар елі» деп жазылған ғұламаның суретін ілу, Ер Тарғын батырдың музейге суретін салғызып, шапанының көшірмесін жасату, Сәкен Ғұмаровтың есімін ұлықтау туралы ұсыныстарын білдірді. Топограф Меңлан Қанаев өзі сызған аудандағы 34 нысанның карта-схемасымен таныстырды.

Жиында «Қазақстанның  киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында алдағы уақытта жергілікті сакральды орындарды әлі де жүйелеу, нақтылау, ол үшін аудан әкімдігінің қолдауымен ғылыми кеңес құру жайы нақтыланды.

                                                                                                Н.ӨТЕЙ

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале