12.03.2018, 16:38
Оқылды: 39

Жәнібектік жастардың ансамблі көптің жадында

ВИА Рауан-2Өткен ғасырдың 1960-1980 жылдарын дауысты-аспапты ансамбльдердің өрлеген, өркендеген дәуірі десе болады. Алыстағы Англиядан бастау алған бұл ансамбльдерді құру, қолданысқа енгізу үрдісі Кеңес Одағында жаппай етек алып, сол кездегі он бес одақтас республикаларды да қамтыды.

Соның ішінде Қазақстанда да мұндай ансамбльдердің қозғалысы «Дос-Мұқасаннан» басталып, еліміздің бүкіл қала, аудан, ауылдарында да құрылды. Басқасын қозғамай-ақ, біздің Жәнібек ауданының өзінде аудандық «Арай», Ұзынкөл ауылындағы «Толқын», Ақобадағы Кәрімовтер ансамблінің құрылғанын айтсақ та жеткілікті. Аталған дауысты-аспапты ансамбльдер өз өнерімен тек аудан көлеміне емес, одан тыс жерлерге де танымал болды.

Ауданда құрылған осындай өнер топтарының ізімен Т.Жароков атындағы кеңшардың  арманшыл, романтикаға құштар бір топ жастары 1979 жылы ауылдық мәдениет үйінің жанынан «Рауан» дауысты-аспапты ансамблін дүниеге әкелді.  Аталған ансамбльдің құрылуына сол кезде ауылдағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет істейтін, өзі соло гитара аспабында ойнайтын Дүйсенбай Өтегенов басшылық жасады.

Ансамбль алғаш құрылғаннан бастап, Отан, туған жер туралы жазылған патриоттық әндермен қатар лирикалық туындыларды да шырқады. Құрамында болған жастар әр салада жұмыс істейтін мамандық иелері болатын.

Мәселен, дәнекерлеуші Аққали Ашығалиев ритм гитарада, құрылыс бөлімінде қызмет атқаратын Амантай Есенғалиев пен Талғат Мақышевтің алдыңғысы бас гитарада, соңғысы дауылпазда, ал ауыл механизаторлары Жақсығали Ғаббасов пен Максим Сүндетов болса әртүрлі музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын әмбебап шеберлер еді.

Ансамбльмен бірге Амантай Мұратқалиев, Қабаш Арыстанғалиев, Зәуреш Фазылова, Ұрқия Жұмалиева, Айсұлу Нұртаева, Қания Рахымғалиева, Зинегүл Өтешева сынды ауыл әншілері қазақ-кеңес композиторларының әндерін шырқаса, Балғабай Нұртаев домбырамен дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындады. Ансамбль 1980 жылы аудандық дауысты-аспаптар ансамбльдерінің байқауында екінші орын алып, дипломмен марапатталып, сыйлыққа баян аспабы тарту етілді.

-Жаңа толқын жастардың келуіне байланысты ансамбль құрамы үнемі өзгерісте болды. Ионика аспабында ойнауға жас маман, ауылдағы мәдениет үйінің директоры Шынтемір Рамазанов келді. «Рауан» дауысты-аспапты ансамблінің одан әрі жетіліп, дамуына Ләззат Қойшыбаева, Сүйінғали Шүкіров, Нариман Жұмағалиев, Гүлмира Құбаева секілді өнерлі жастар айтарлықтай үлес қосты,-дейді ансамбльді алғаш ұйымдастырушы, қазір аудандық байланыс торабының қызметкері,  жасы алпысқа келген Дүйсенбай Өтегенов өз сөзінде.

                                                                                Н.Жапақов,

                                                                                Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале