20.05.2020, 10:40
Оқылды: 3105

«Жаргон тіл» сөзімізге сән бере ме?

Қазақ тілінің таңғажайып кереметі жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық.

EA9D1BF0-31F6-40A8-9F88-4F7E93008ECD

Әсіресе ірі түркітанушылар мен саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап, ауыздарының суы құрып, тамсана жазғандары мәлім. Солардың маңыздыларын мысал ретінде келтіре кеткенді жөн көрдім. Мәселен, ресейлік шығыстанушы В.Радлов «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі» деген құнды пікірін қалдырса, татар ғалымы А.Саади «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек» деп тебіреніпті. Бұдан бөлек белгілі И.Бенцинг «Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі», орыс ғалымы С.Малов «Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын да, қазір де даңқы шығып жүрген халық» деп жоғары баға беріпті.

F5688673-64E1-4C58-9B7F-FF06B000CBEA

Ал біз ше? Анамыздың ақ сүтіндей қадірлі ана тілімізге өз деңгейінде құрмет көрсетіп жүрміз бе? Тәуелсіздіктің тәтті сыйындай болған тағдырлы тілімізді өз тұғырына қондыра алдық па? Бұл сұрақ-сауалдар «ұлтым», «елім» деген әр қазақты ойландыруы қажет. Тілдің тағдырына бейжай қарауға болмайды. Соңғы кезде мені қатты қынжылтып жүрген жайттың бірі – жастар арасында тілді бұзып сөйлейтіндердің әсіре көбейгендігі. Кейбір замандастарымыз үшін ана тіліміздің үндестік заңын бұзып сөйлеу, сөздердің соңғы буындарын қысқартып айту үйреншікті әдетке немесе мәнсіз «модаға» айналғандай. Жалпы, кез келген тілдің лексикасы əдеби жəне бейəдеби болып екіге бөлінетіні белгілі. Осы бейəдеби тілге жастардың жаргондары мен сленгтерін де жатқызуға болады. Жаргон (франц. jargon) шағын әлеуметтік топ қолданатын, ешқандай жеке тілдік дербестігі жоқ жалпыхалықтық тілдің тармағы. Ал сленг (англ. slang жаргон) белгілі бір аптада қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды сөздер. Жастар арасында қолданылатын көңілге қонымсыз, құлаққа жат жаргон, нәрсіз сөздер бүгінде олардың санасын улап барады. Айталық, сұлу қыз, əдемі көлікті көргенде жастар көбіне «жынды қыз екен», «жынды көлік екен» немесе «мына көлік зың екен» деп таңданып жатады. Қазақ тілінің бай сөздік қорындағы сөздерді аздық ететін жас буын өкілдері тілді шұбарландырып, орысша сөздер мен жаргондарды қосып сөйлеуді әдетке айналдырғалы қашан? Белгілі бір ортада ғана қолданылатын жаргондар қазақ лексиконына еніп бара жатқан тәрізді, олардың күн сайын қолданатын жаргондарының қатарында мынадай: «жыртты», «басы теппейді», «қоянның суретін салып кетті», «қадап тастады», «қыртпаш», «картопты жарды», «балта қадады», «өшті», «ат екенсің», «шашып тастады», «тартылсай», «базар жоқ», «құлақтан тепті», «қораға кірді», «лақтырып кетті», «сындырды», «жынды болып кетіпсің», «құлаққа лапша ілді», «маған сынып қалды»  деген сарындағы сәнге айналған сөздерге жастар қауымы тым құмартып алған. Сонымен қатар, жасөспірімдер жиі қолданатын орысша жаргон сөздер: мажор, мажорик-байдың балалары, ахи (бауыр), мазя (бәрі жақсы), синяк (маскүнем), нарик (нашақор), батя (әке), мамка (ана), атака (ата), ажека (әже).  
688802E3-F90B-4B03-BD6B-C57C2DAA2451

Ащы шындық. Көбіне біз бейқам қарайтын бір жайт бар. Ол амандасу әдебі. Қоғамда ер азаматтар жағы «Саламалейкум» және оған жауап ретінде «Уалейкум» дейді. Ал жастар тіпті өзбекше «Салам», «Саламатсыз ба?» деп амандасып жүр. Осылайша оралымды, көркем тілімізді бұзу басталады. Төмендегі диалогтан да бұған көз жеткізуімізге болады:

– Сен қай йаққа баратырсың?

– Жаңа дүкенге баратырмын. Сен де мемен барасың ба? Қай йақтан түсем?

– Жоқ, мен кеше бардым ғо. Автобусқа мін де, бірінші қайырылған жерден түс. Адасып атсаң хабарлас. Біздің балдар ан жақта жүрген.

Күнделікті өмірдегі мұндай сөз қолданыстары ешкімді таңғалдыра қоймас. Бұл біріншіден, ана тілімізге деген немқұрайлылық. Әрбір сөзді түбірімен нақты қолданғанның орнына буындарын жұтып айту, тіпті сәнге айналғандай. Шала қазақтар деп ана тілімізде таза сөйлей алмайтындарды ғана емес, тілді бұзып, осылайша қорлағандарды да айтамыз. Қазақ тілі – өте бай, құнарлы тіл. Алайда әрбір сөзімізді осылайша өзгертіп айтуымыздың өзі оның өскелең ұрпақ алдындағы қадір-қасиетін төмендететіні сөзсіз. Тағы бір айта кететін жайт, қазiр көптеген замандастарымызға кешiруге болмайтын бiр кiнә қоюға болады. Ол мынау: олардың кейбiреулерi қазақтың "ң" әрпiнiң орнына "н" әрпiн қолданып сөйлеудi һәм жазуды шығарды. Бұл әлде "ң"-ға тiлi келмеу, әлде әдейi тiлiн орысшаға бұрып сөйлеудi мақтаныш, дәреже көру. Мұндайлар «жаңа техника», «жаңа жыл», «мың теңге», «оң жақ» дегендердi «жана техника», «жана жыл», «мын тенге», «он жақ» деп тiлдi былапыттап тұрғанын көргенде қалай өкпелемейсің?

EB66EBE6-C782-4D83-AC86-2E33358E610B

Адамның сөз саптауынан оның ұлттық дүниетанымы, мəдениеті, парасаты, жалпы менталитеті танылады. Бізде бұрыннан қалыптасқан тұрақты тіркестер бар, олардың мағынасы тұтас та айқын. Ал бүгінгі жастарымыздың аузындағы «крышасы бар», «миды шіріту» сияқты сөздер өзінің анайылығымен, сол арқылы өмірге жат екендігімен айқындалып тұр. Бұл ұлттық қабылдауға да, қазақы дүниетанымға да келмейді, жаңа сөз деп тағы айта алмайсың. Себебі сөздің астарында ешқандай мағына жоқ. Жастар тіліндегі тағы бір өрескелдік – олардың боқтап сөйлеуі, бұл жалпы біздің ұлтымыздың мəдениетіне келмейді, бірақ боғауыз сөздің бұрыннан бар екені рас. Жастар арасында боқтап сөйлеу де белең алып тұр. «Əкеңнің ...», «шешеңнің ...» деген сөздер іріген ауыздан ғана шықса, қазір жас жігіттер одан да анайысын айтады, тақап тұрып боқтайды. Бұл жерде ашулану, ащы сөз ашынғандықтан, күйінуден шықпайды, олардың қарапайым əңгімесі, екі сөзінің бірі болып кеткен. Күнделікті сөйлеу тіліне боқтық араласып кеткеніне, тіпті араларында қыз бала отырғанына да қарамайды. Ең сорақысы қазір қыздар да боқтап сөйлейтін болды. Олар бұл сөздердің мағынасын түсіне бермейтін болуы керек, күнде естіп жүрген соң құлақтарына сіңіп кеткен. Төбелесіп жатқан қыздар, мас қыздар, темекі тартып отырған қыздар сияқты, боқтампаз қыздар да қоғамның жат көрінісі, ата-ана, əулет ғана емес, ұлттық келбетімізді, намысымызды таптайды...

- Басқа тілді араластыра сөйлессе, жаргонмен əңгімелессе, олар тілді дамытпақ түгілі жойып жібереді. Мен жастардың сөйлеу тілінен қазақы болмысты тұла бойынан сездіретін, шешен де сұлу сөздерді естігім келеді. Жастардың анайы сөздерін естігенде ескерту жасайтын кісілер өте азбыз. Үлкен кісілердің көбі осыған бара бермейді, «аш құлақтан тиыш құлақты» артық көреді.

Міне, бұл аға ұрпақтың, үйде ата-ананың кемшілігі. Алдымен əркім өз ұл-қызын тыйса, əлгідей көшеде кездесетін қылықтармен көп болып күрессек, жастардың тілін ғана емес, тəрбиесін де түзеп алар едік. «Ештен кеш жақсы» дейді халқымыз, ендеше осыған неге кіріспеске?- дейді зейнеткер ұстаз Мәрия Нұрсұлтанова.

Түйін. «Тәрбие басы – тіл» дейді М.Қашқари. Тіл туралы жазатын түйткіл көп. Оның біразын жоғарыда қаузадық. Өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, азат ел болғанда жастарымыздың тілді бұзып сөйлеуі, әртүрлі арзан сөздерге құмар болуы біле білсек, бұл ана тіліміз үшін үлкен қасірет. Сондықтан да «баланы бастан» демекші, ұл-қызымыздың бойына бесіктен белі шықпай жатып ана тіліміздің қадір-қасиетін сіңіруіміз керек. Ол үшін ата-ана да, мектеп те жауапты болуы шарт. Орта мектептер мен балабақшаларда тілі енді шыққан балаларды дұрыс сөйлеуге баулу мақсатында үйірмелер ашылса, тәрбие сағаттары өтсе артықтық етпейді. Жазбада граматиканы сақтау заңдылық болса, ауыз екі тілге де абай болғанымыз абзал. Әр сөзді орынымен қолданып, шұбарламай, сауатты сөйлеп үйренейік. Бұл да өз кезегінде ұлтыңа, тіліңе деген жанашырлығың. Сондықтан да тілімізді тілім-тілім қылмай, қадірін кетірмей, абыройын аласартпай, мәртебесін асқақтату менің де, сенің де, оның да парызы. Осыны естен шығармайық, ағайын!

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Венера Сапаровп, Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

- Авар ақыны Р.Ғамзатовтың «Менің тілім бүгін өлетін болса, мен ертең-ақ өлуге дайынмын» деген жақсы сөзі бар. Біз тіліміздің болашағын қазірден бастау ойлауымыз қажет. Тілді жоюға бірден-бір қауіп төндіретін нәрсе, ол – әлеуметтік желі. Қазір балалардың қолында бір-бір телефон. Ата-аналардың өзі балалармен сөйлесуге дайын емес. Жақында бір үйде қонақта болдым. Сонда төрт баласы төрт жерде телефон шұқылап отырды. Ең кішісі жас жарымда екен. Келген қонақпен амандаспайды, сөйлеспейді, тілдеспейді тіпті. Біз кеткенше сол төрт бала телефонмен алысты да отырды. Дастарқан басында әңгіме болмаған соң, өзара сөз болмаған соң тіл жойылмай қайтеді?! Тағы бір үлкен мәселе бар. Ол мектеп оқулығының тілімізді насихаттаудағы кемшілігі өте көп. Мектеп бағдарламасынан диктантты, мазмұндаманы, жазба жұмыстарды алып тастау деген сорақалық қой. «Эссе» жаз деп тапсырма береді. Шығарма жазбаған, диктант жазбаған бала эссені қалай сауатты жазады? Ең бірінші, әліппеден бастап мектеп оқулығын дұрыстау керек деп ойлаймын. Сондай-ақ мектеп бағдарламасына бұрынғы «Оқу сауаттылығы», «Жазу сауаттылығы», «Көркем жазу» секілді сабақтарды қосса, нұр үстіне нұр болар еді.

 Ақмарал Аманқызы, тіл маманы, зейнеткер ұстаз:

- Тіл мәселесінің қарапайым қазақи ортада «ауруға» ұшырағанына бейжай қарай алмаймыз. Жанымыз ауырады. Жүрегіміз шаншиды. Ол ауру даладан келсе, кенеттен болса бір сәрі. Ең қиыны, өзіміз қолдан жасап отырғандығымызда болып тұр. Ауру жазылар еді - емделсе, аурудан айығар еді - тілекшілер қолдаса. Осы қиын жағдай қолға еріксіз қалам ұстатты. Ең болмағанда қалың өртке  қарылғаштың қанатымен су сепкендей көмек болса деп үнсіз қала алмадым.

Қазіргі таңда жалпы адамдардың бір-бірімен әдемі қарым-қатынас жасауы тілге қатысты. Сауатты жазу, сауатты сөйлеу - біздің қатынас құралдарымыздың ең үлкені. Ең көп қолданылатын қоғамдық желідегі жазбалардың сауатсыз орындалуы күнделікті қалыпты жағдай болып саналатындығы - үлкен қасірет, жан төзбейтін жағдай. Осыдан-ақ тіл жұтаңдығы басталады да, өрши келе бұл үрдіс тілдің жоғалуына әкелетін баспалдақтың бір сатысы болып табылады. Бес әріппен жазылатын сөздер үш әріппен жазылады дағы, оны ешкім түзетпестен оқи береді. (Сұмдық-ай!) Және жауап та дәл осы бағытта жазылады. Әдеби кітап оқудың орнына мобильді телефонмен отырса, жас ата-ана сәбиді телефонмен алдап жұбатса, үлкендер немереге ертегі-әңгіме айтудың орнына түрлі мобильді ойындарға берілсе, тіл қайтып дамиды?! Тіл дамымаса, бір отбасы адамдары бір-бірімен мәмілеге келмесе, тәрбие қайдан түзелмек?!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале