15.12.2017, 12:11
Оқылды: 33

Жас ғұмырды ұрлаған Желтоқсан

1986 жылы қазақ жастарының бас көтеріп, сол кездегі солақай саясаттың салдарынан бұзақы, ұлтшылдар ретінде қудаланғаны тарих беттерінен белгілі.

Желтоқсан оқиғасы талай қазақ жастарының тағдырын ойран еткені шындық.

Бабаларымыздың арманына айналған, биыл 26 жыл толғалы отырған тұғырлы тәуелсіздігіміз сол жастардың қанымен, қаракөз қыздарымыздың көз жасымен келді. Алматыға арман қуып, білім іздеп барған қаратөбелік Гүлмира Ахметова Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде қудалау мен құқайды бастан кешкен жастардың бірі.

Гүлмира Мәренқызы 1968 жылы Шөптікөл ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келеді. Шөптікөл орта мектебінде 7-сыныпқа дейін оқып, мектептегі оқуын Алматы қаласында жалғастырады. 1986 жылы Алматы қаласындағы №3 кәсіптік училищесін тігінші мамандығы бойынша бітірген. Жолдамамен Ю.Гагарин атындағы әйелдер киімін тігетін фабрикаға жұмысқа орналасады.

Фабрикада жұмыс жасайтын, саясаттан онша хабары жоқ 18 жасар Гүлмира жұмыстас қыздармен ілесіп, «Орталық алаңға қазақ жастары шығыпты» дегенді естіп, сексенге жуық қазақ қыздары орталық алаңға барады. Ондағы мақсаттары алаңда не болып жатқанын көру болатын.

– 16 желтоқсанда жастар наразылық танытып бас көтерді дегенді естіп 17-сі күні таңғы 5-тер шамасында жатақхананың қыздары жаяу орталық алаңға беттедік. Қалада көлік қозғалысын тоқтатып тастаған. Біз тұратын жатақхана қаланың шетінде болатын, төрт сағат жүріп, алаңға жеттік. Күн аяз. Біз барған кезде алаңды қоршап тастаған, дауыстар естіліп жатты. Тобымызбен барған бізді жетектерінде иттері бар автоматпен қаруланған әскерилер автобуспен келіп қоршап алды. Қашқан қыздарды резеңке таяқпен (дубинка) ұрып құлатып, итке талатып, автобусқа күштеп мінгізді. Қорғанып қашуға ешқандай мүмкіндік бермеді. Бәрімізді Советский РОВД-ға әкелді. Жерасты жолымен кіргізіп, сексенге жуық қызды бір бөлмеге қамады. Тіпті бұрылуға, отыруға мүмкіншілік жоқ, тікемізден тік тұрдық. Қамаған жері төбесі тормен қоршалған ашық бөлме, қар жауып, жел соғып тұрды. Ал аяқ астымызға табанымызды қыздырарлық ыссы плита төселген. Сол жерде бізді екі тәулік бойы ұстады. Үш адамнан топтап апарып жауап алады. Сол екі тәулікте бізге тек шелекпен су әкеледі, судың өзі басына жетіп, соңына жетпей жататын. Басқа тамақ бермеді.

Екі күннен соң жатақханамызға автобуспен апарып, «Осыдан қаладан шығатын болсаңдар, басқа жерге кететін болсаңдар, жұмыстан шығатын босаңдар, статьямен шығарамыз, қудалаймыз. Тігін фабрикасында жұмыс жасайсыңдар, сендерге басқа жол жабық» деп қорқытып-үркітіп оқуға түсуге де мүмкіндік бермеді.

Сол оқиғадан кейін екі жыл бойы сегіз тергеушінің алдынан өттім. Тергеуге жұмыс уақытында да, жұмыстан тыс мезгілде де без-берекет шақырта беретін. «Көтеріліс болып жатыр деп кімнен естідің?», «Алаңға неге бардың?», «Сендерді кім бастап шықты?» деген сұрақтар қойып, «Колбиннің басшы болуына қарсы емеспін» деп жазғызып алды. Жалақымызды қысқартып тастап, біздің айтқанымызбен жүресіңдер, сендер қарсы сөйлеуге тиісті емессіңдер деп үнемі бақылауда ұстады. Көрсеткен жәбірге шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсаған қыздар да болды - деп кейіпкеріміз күрсініп алды...

Гүлмира Ахметованың ағасы Бақытжан Ахметовты да Алматыдағы дене шынықтыру институтында оқып жүріп, алаңға шыққаны үшін оқудан шығарып, біраз соңына түсіпті.

Ол 1990 жылы Кеңес үкіметі әбден әлсіреген кезде фабрикадан жұмыстан шығып елге келеді. Сол кезең жағдайдың нашарлап тұрған уақыты болғандықтан түрлі жұмыстар атқарып, киім тігуге, қыз

жасауын дайындауға тапсырыстар қабылдап жұмыстанады.

Қазіргі таңда Гүлмира апай Орал қаласында бала-келінінің қолында тұрады.

Қазақ жастарының намысшылдығының арқасында үлкен құрбандықпен келген тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін жастарымыз саналы, білімді болуы қажет. Ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білетін ұрпақ барда қазақ елі жасай бермек.

Серікбай ХАСАНОВ,

«Қаратөбе өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале