24.07.2020, 10:28
Оқылды: 368

«Zhas Project» жобалары жақсарды ма, ақсады ма?

Елімізде шағын және орта кәсіпті қолдау жоғары деңгейде. Бұлай дейтін себебіміз шағын кәсіпті қолдауға арналған түрлі жобалар бар. Солардың бірі - «Zhas Project» жобасы.

588BC3DE-6123-45FD-96C5-F129EF348FF2

«Zhas Project» елімізде жастар корпусын дамыту жобасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Жобаның негізгі мақсаты осал топтағы қолында дипломы жоқ, жұмыссыз жүрген, мүмкіндігі шектеулі және тұл жетімдерді қолдау, оларға көмек беру.  Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. 2019 жылы осы бағдарлама аясында аудан бойынша 20 жоба жеңімпаз атанды. Бұл туралы сол кезде газет бетіне «Арманда! Ұсын! Іске асыр!» тақырыбымен 1 беттік материал жазған болатынмын. Одан кейін де жыл жылжып, 4 мезгілді өткердік. Не өзгерді? Жоба иегерлері кәсіптерін дамытып әрі қарай дөңгелетіп әкетті ме? Әлде уақыт өткесін тоқтатты ма? Жалпы «Zhas Project» жастарға қанат бітірді ме? Осы сұрақтардың жауабын іздеп, қолымызға қалам алып, төл газетімізге мақала жазуға бел будық.

Жастарға мүмкіндік берген жоба

- «Zhas Project» жастар кропусын дамыту жобасы біздің өңірде 2019 жылы жүзеге асты. Жастар жылымен тұспа-тұс келген жобаға біздің біздің өңірімізбен бірге 5 өңір қатысты. Жобаға 29 жасқа толмаған барлық жас қатыса алады. Жұмыссыз және табысы аз жастарға басымдық берілді. Жобаға 2019 жылы 15 наурыз және 15 сәуір аралығында өтініштер қабылданды. Біздің ауданымыздан 67 жоба ұсынылды. Жаңақала ауданы облыс бойынша ең көп жоба тапсырған аудандардың үштігіне кірді. 20 жоба «Zhas Project» жобасының 1 млн. теңге көлеміндегі грантына ие болды. Атап айтар болсақ, Жаңақала - 9, Пятимар – 4, Қырқопа – 4, Қызылоба – 2, Мәстексай ауылынан -  1 жоба. Әр жобадан 3-5 жас қатысып, әрқайсысы 40-60 мың теңге аралығында шәкіртақы алды.

Жалпы, грантқа ие болған 20 жобада 67 жас болды. Бұл көптеген жасқа мүмкіндік бере білді деп ойлаймын. Ал, қанша жоба жеке кәсібін ашты дейтін болсақ, мен жоба аяқталмас бұрын жұмыстан ауысуыма байланысты оны қадағаламадым,-дейді жоба туралы сол кездегі жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы болған Жақсылық Хайрелов.

Ауданымызда екі қолға бір күрек таппай жұмыс іздеп сенделіп жүрген жастар жоқ емес. Жарты құрсақ жастардың қалтасында кәсіп бастауға қомақты қаржының болмайтыны да белгілі. Жастар жылында жүзеге асқан жоба жаңақалалық жастарға жігер бергені анық. Бизнес байтаймын, кәсібімді өрлетемін деген жастарға 1 миллион теңге едәуір көмек.

96AEBA2D-33C0-4163-AF64-523D5BB97CAC

Жобаның негізгі шартты және өтетіні туралы жарнаманың қалай жүргізілгені туралы қойған сауалымызға Жақсылық Нұрманұлы былай деп жауап берді.

- Жоба барысында 6 ай бойы өздерінің өнімдерін ауылдың аз қамтылған отбасыларына тегін тартуы тиіс. Бұл үрдіс әр жобаның жоспарына сәйкес жүзеге асты. 6 айдан кейін жоба аяқталған кезде алынған қажетті заттар жоба жеңімпаздарының өзінде қалады. Жобаны әрі қарай кәсіпке айналдыру немесе тоқтату жоба жеңімпаздарының өз еркінде.

Жобаның өтетіні жөнінде әлеуметтік желілерде, адам көп шоғырланатын жерлерде хабарландырулар ілінді. Ауылдық округ әкімдеріне және жастар кеңесшілеріне жиын жасалып ескертілді.

DC806107-28C9-4605-AC08-DE8068E5F740

Әр жобаның өзінің менторы болады. Ол менторлар уақытылы құжат тапсыруды, есебін дұрыс жіберуді қадағалайды. Ментордың көмегіне жүгініп арнайы сайтқа есеп береді. Оның үстінде облыс орталығынан бекітілген кординаторлар келіп есептерін қарап, әр жобаның жоспарына сәйкес, тегін берген өнімдерінің фотосын және алғаны жөнінде қол қойған қағаздарын тексеріп тұрды.

Жұмысын жалғастырған жеңімпаздар

«Іс баста, кәсібің болса оны  дамыт, бастысы тұрғындарға көмектес» деп берілген қаражатты тиімді қолданып, жоба арқылы шағын кәсібіне қажетті заттарды алып, жұмыстарын әрі қарай алып кеткен жастарды іздеп қызметтік көлікпен жолға шықтық. Бағытымыз С.Меңдешев атындағы ауылдық округ. Жеткеннен кейін қолымыздағы тізім бойынша іздеген адамдарымыздың үйлерін сұрап, есіктерін қақтық. Ең бірінші «Сезім» сұлулық салонының иесі Ақерке Қаменовамен тілдестік.

- Жоспарға 950 мың теңге көлемінде қаражатқа қажетті құралдар аламын деп жаздым. Сол қаражатты екі бөліп берді. Бірінші 500 мың теңгені жіберді, ол ақшаға керекті заттарды алып, есебін тапсырдық. Сол алынған заттармен жұмысымызды бастап кеттік. Екінші жарты жылдықта қалған ақшасын түсірді. Оның да есебін жібердік. Жоспарда жазылған барлық қажетті құралдарды алдық. Мемлекет шәкіртақы төйлейтін болғасын қасыма икемі бар жұмыссыз жандарды қарастырдым. Екі адамды жұмысқа алдым. Үшеуіміз соңына дейін жалғастырдық. Қыздар жақсы жұмыс жасады. Шәкіртақыларын тұрақты түрде алып отырды. Әртүрлі тренингтерге қатысып, жұмысымызды жетілдірдік. Салон болғаннан кейін бір адам бірнеше рет келеді. Жоба аясында 200 адамға тегін қызмет көрсеттім, - дейді А.Қаменова «Zhas Project» жобасы жөнінде. Ақерке Қаменованың үйінің жанында орналасқан «Сезім» атты сұлулық салонына кіріп, ішін, жұмыс жасайтын құрылғыларын көрдік. Жаңа заманға лайықты салонды көріп риза болдық. Соңғы үлгідегі жиһаздар, шаштаразға қажетті заттар, қыз-келіншектердің бетін әрлеуге, шашын сәндеуге арналған барлық заттарды алған екен. Аудан орталығына бармай-ақ, ауылдың ішінен сұлулық салонының барлық қызмет түрін алуға болады. Ауыл тұрғындары үшін осындай қызмет көрсететін жердің болғаны жақсы емес пе? Шағын кәсібін дамытып отырған Ақерке бізге қосымша мынаны айтты.

9EF94445-F785-486E-8210-F96926BF3D93

- «Zhas Project» жобасының үлкен көмегі тиді. Жастарға осындай жобалар болып тұрғаны жақсы ғой. Жұмысын бастай алмай жүргендерге, жұмыссыз жүрген жастарға таптырмайтын мүмкіндік дер едім бұл жобаны. Құрал-жабдықтарымды алып, берілген мерзім ішінде халыққа тегін қызмет көрсеттім. Қазір алған заттарым өзіме қалды. Игілігін көріп отырмын. Жоба мерзімі біткесін шағын кәсібімді әрі қарай жалғастырып жатырмын. Алдағы уақытта осындай жобалар болса қатысып, бағымды сынап көремін деген ойдамын.

«Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» демекші, Айымгүл Мубаракова есімді жоба жеңімпазының үйін де сұрап жүріп, тауып алдық. «Халықты компьютерлік жүйемен ақпараттандыру» деп аталатын жоба иегері тұрғындарға қажетті қызмет түрін таңдап алыпты.

- Тұрғындардың құжаттарын рәсімдеуге, түрлі анықтамалар алуына көмектесемін. «egov.kz» порталынан уақытша және тұрғылықты тіркелу, сонымен қатар, сотталмағаны туралы анықтама алуына жәрдемдесемін. Қазақстан Республикасының Электронды үкіметі қандай қызметтер көрсетеді солардың бәрін ауданға бармай-ақ ауылдың басынан алып беремін. Жоба мерзімі аяқталғасын да жұмысымды тоқтатқан жоқпын. Қазір карантин режимі болғасын тегін қызмет көрсеткен жандардан ақы алған емеспін. Қолымнан келген қызметті көрсетемін. Бұл жоба маған үлкен тәжірибе болды. Топпен жұмыс жасауды, адамдармен тығыз байланыста болуды үйретті. Елге пайдаң тиген кезде жақсы бір сезімді бастан кешесің. Одан әрі жұмыстануға жігер сыйлайды, - дейді А.Мубаракова өз жобасы туралы әңгімелеп.

«Бай болсаң халыққа пайдаң тисің» дейді дана халқымыз. Бүгінгі күні бай болмай-ақ та ел-жұртқа пайдаңды тигізуге болады. Ол үшін осындай жобаларды тиімді пайдаланған жөн.

Мақсат және нәтиже

Мақаламыздың басында жобаның мақсатын айтып өттік. Мақсат бар жерде нәтиже болатыны белгілі. Жобаның көмегімен жұмыстарын жалғастырып, кәсіптерін дөңгелетіп кеткен екі кейіпкерді мысалға келтірдік. Ақерке мен Айымгүл сынды бастаған істерін әрі қарай жалғастырып кеткен жоба жеңімпаздары өте аз. Бұны мақаланы жазу барысында білдік. Көпшілігіне сауалдарымызды қойып, пікірлерін білдік. Нәтиже көңіл қуантарлық емес. Біз бұл мақала арқылы «Байдың асын қызғанған байғұс» болуды мақсат тұтпадық. Біздің міндет – осы жобаның жай-күйі туралы жазып, нағыз жеңімпаздарды үлгі қылу. Адам болып өмірге келген соң бәріміздің мақсатымыз болады. Бірақ көбіміз әрекет еткеннен гөрі құр қиялдап, ауызды қу шөппен сүртеміз. Халқымызда «Балық берме, қармақ бер» деген даналық сөз бар. Берген қармақты жөнді пайдаланбағандарды көргенде көңіліміздің құлазып қалғанын несіне жасырайық?

Түйін:

««Арманда! Ұсын! Іске асыр!» деген бір жыл бұрынғы мақаламызда айтылғандай армандап, оны ұсынып жүзеге асырғандар бар. Бірақ аз. Ұсынып бірақ оқсата алмағандар басым болып тұр. Мемлекет барлық мүмкіндікті жасауға күш салуда. Соны тек жөнімен пайдаланса екен дейміз. «Қолда барда қоныштан бас», «Бал ұстаған бармаған жалайды» деп тегін берген ақшаны рәсуа қылмай, ұқыпты әрі жөнімен пайдалану керек. Олай етпеген жағдайда мемлекетке алақан жаятындардың саны кемімек емес... 

Жанайдар Болатбекұлы,

 Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале