19.06.2019, 16:15
Оқылды: 80

«Zhas Project» жобасының жеңімпаздарымен кездесу өтті

Ақжайық ауданы орталығында «Zhas Project» жобасының жеңімпаздарымен жүздесу өтті. Аудан жастары бұл жобаға белсене қатысты. Яғни, кәсіпкерлік бағытта ауданымыздан жобаларын ұсынып, 30 қыз-жігіт 1 млн. теңгенің грантын ұтып алды. Республика бойынша қамтылған 6 өңірден 1050 грант иегері болса, соның 221-і облыстың жастары.

 DSC_0022

Аудан әкімінің орынбасарлары Асқар Әбуғалиев, Тілек Ғабдушев, мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев болған шарада аудан бойынша алғашында ауданымыздан 322 жастан құралған 104 команда өздерінің әлеуметтік жобаларын ұсынғаны жайында әңгіме болды. Үш рет өткен іріктеуден 92 қыз-жігітті қамтыған 30 жоба сұрыпталды. Олардың ішінде құс фермалары, наубайхана, ипотерапия, саумал өндіру, жылжымалы 3D кинотеатр, тағы да басқа кәсіп көздері бар. Осы жеңімпаз жастар жиналғандарға алдымен жобаларын таныстырды.

– Ел жастарының кәсіп ашуына бұған дейін мұндай зор мүмкіндік берілмеді. Грантқа ұтқан жастар уақытты өткізіп алмай, мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіптерін өркендетулері тиіс. Грант иегерлері өздерінің кәсіптерімен 6 ай бойы тұрғындарға тегін әлеуметтік көмек көрсетеді. Осы аралықта кәсіпті құлдыратып алмай, ынта-ықыласпен еңбектенген жастар ғана бұл істі әрі қарай алып кете алады,-деді аталмыш жобаның өңірлік координаторы Оралбек Жандауов.

Кездесу барысында облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың консультациялық қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Белен Әшімов кәсіпке қызығышулығы бар жастарға кеңес беруде осы орталықтардың рөлін айтты. Сонымен қатар ол «Zhas Project»  жобасының ауданымызда жүзеге асуына атсалысқан мамандар чапаевтық Айнагүл Бегеева мен тайпақтық Дина Сәтпаеваға бөлімнің алғыс хатын табыстады.

Бекболат Қаленов,

суретті түсірген Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале