14.05.2018, 16:34
Оқылды: 30

Жазушы Сәбит Досанов Ордада болды

 

Екі ғасырдан астам тарихы бар біздің киелі мекенге кімдердің табаны тимеді дейсіз?! Тізіп кетсек, оның өзі бір киіз кітапқа жүк боларлық дүние ғой. Осындай қасиетті өлкенің перзенті атанып, жұмыр жердің бетінде жүрудің өзі бір бақыт емес пе?! Ал осы өңірге атбасын бұрған әрбір қадірменді мейманның жүрекжарды ақжарма лебіздерін есту... бұл, енді, үлкен-кіші бөкейордалықтардың көкірегінде ерекше мақтаныш сезімін оятары хақ.

Сөзіміздің әлқисасын неге бұлай бастадық. Кешегі өткен мамыр мейрамдарының мерекелі күндерінің бірінде аты көпке мәшһүр белгілі қаламгер Сәбит Досанов та Ордаға келіп кетті. Алыстан ат терлетіп жеткен қадірменді мейманды аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бастаған ел азаматтары құшақ жая қарсы алып, алдымен хан зиратына тәу етті.

Айта кетелік, Сәбит Айтмұқанұлының жанында сүйікті жары, академик Құралай Аққошқарова, БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қайырболат Мұсағалиев және басқа да ел-жұртқа танымал тұлғалар болды.

– Мен үшін қазақ елінің қай қиыры да ыстық. Ал мынау Жәңгір ханның ізі қалған қасиетті өңірге келу көптен көкейде жүрген ой еді. Сәті бүгін түсті. Жаратқанға мың тәубә! Алыстағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін өз көзіммен көріп, атқарып жатқан істеріне риза болып тұрмын,-деді жазушы мұражай ауласында өзін қарсы алған жерлестерімізге.

«Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, ардақты азамат үлкен-кішімен шүйіркелесе сырласып, телехабарға сұхбат беруден де тартынбады.

Иә, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досановтың осынау сапары да туған өлкеміздің мәртебесін тағы бір асқақтатып кеткені айқын.

Б.МАХУДҰЛЫ

Бөкей ордасы ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале