26.09.2017, 12:13
Оқылды: 22

Желаяқтар анықталды

1Зеленов ауданы орталығында жеңіл атлетикадан мектеп оқушылары арасында аудан біріншілігі өтті.


«Олимп» стадионында өткен спорт жарысына ауданның 15 мектебінен келген 120-ға жуық оқушы қатысты. 100, 200, 800, 1500 қыздар және ер балалар арасында 2000 метр қашықтықта жарысқан желаяқтар тартысының қорытындысында 100 метр қашықтыққа жүгірген ер балалар арасында мичуриндік С. Әмірбек үздік деп танылса, қыздар арасында Володар мектебінен келген М. Гулида басқалардан озық нәтиже көрсетті. 200 метр қашықтықта дарияндық Н. Өскентауов ерлер арасында, белестік Э. Оңғарова қыздар арасында үздік болды. Жеңіл атлетиканың ең қызықты да қиын жарысы 400 метрлік қашықтыққа жарысқан бозбалалар сынында Белес мектебінің атынан сынға түскен А. Кәрімоллаев тұғырдың биік сатысына көтерілсе, бұрымдылыр сынында Дариян ауылынан келген А. Штейнгельберг алдына жан салмады. 800 метрге жүгіргендер сайысы да тартысқа толы болды. Жарыс басталғаннан аяқталғанша иық тірестіре жүргірген спортшылар бәсекесінде күшін жақсы сақтай білген Новенький мектебінің оқушысы А. Буданчиков бірінші орынға табан тіресе, қыздар арасында белестік Э. Оңғароваға тең келер жан табылмады. Бірден екі қашықтықта үздік нәтиже көрсеткен осы белестік оқушы алдағы уақытта да жақсы нәтижелерімен қуантады деген үміттеміз.

Бұдан бөлек жеңіл атлеттер эстафетада да жарыс жолына шықты. бұл бәсекеде қыздар арасында да ұлдар арасында да миуриндік оқушылар үздік болды. Ал 1500 метр қашықтықта төзімділіктері мен күшін сынға салған қыздар жарысының қортындысына келер болсақ бірінші орынды раздольныйлық В. Чебанюк иеленсе, Ал 2000 метрге шапқан ұлдар бәсекесінде Щапов мектебінің намысын қорғаған Б. Төлегеновке ілесер жан болмады.

Осылайша ауданың ең үздік деген жас жеңіл атлеттерін жинаған сайыс қорытындысында жалпыкомандалық үшінші орынды Камень мектебіне, екінші орын белестіктерге бұйырса, бірінші орынды Дариян ауылынан келген спортшылар иеленді.

Спорттық сайыста жеңіске жеткен және жүлдегерлер қатарынан табылғандарға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға спорттық дәрежелер беруге ұсыныстар жасалды.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале