23.06.2020, 16:11
Оқылды: 131

Желмен бірге желп етіп, жалбыраған жарнама

Сарғайған қағаз сықасып

Әмбеге аян,  қазіргі заман талабына сай қарыштап дамып келе жатқан табыстың көзі – жарнама. Маңызды хабарландыруларды жариялап, халықты құлақтандыру құптарлық іс. Жарнамалаудың зияны жоқ, дейтұрғанмен...

E5C83F3C-81FF-469B-9501-1754C3A1D232

Жалпы, көресіні жарнамадан көрдік қой, жүдә. Ана тіліміздің абыройына нұқсан келтіретін «сақау» жарнама өз алдына бөлек әңгіме. Айтайын дегенім, Теректі ауданы орталығы Федоров ауылы көшесін желмен бірге желп-желп еткен жалбыраған жарнаманың бұзып тұрғаны көңіл көншітпейді. «Сатамын, сатылады» деген көнерген жарнама сықасып тұр. Алабажақ. Көрер көзге қораш-қораш.

Жарнама қағаздарын жапсырған екен, демек оның мерзімі өткеннен соң тазалау жұмыстары да жүруге тиіс емес пе? Ескінің үстіне жаңасын жапсырады. Ол жаңа жарнама да уақыт өткен сайын ескіреді. Сөйтіп, жарнама жапсыратын орын ескі-құсқы сарғайған қағазға «қақалуда». Тазалық – табалдырықтан басталады. Ендеше, көпшілік көп жүретін көшедегі жарнама орындарын да дер кезінде қадағалап,  тазартып отыру қажет! Айтпақшы, жарнама ілуге арналған орын «Федоров ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің маңайында тұр. Олай болса, аталмыш орынды округ әкімі күнде көретіні айдан анық.

Әнші Жігер Ауыпбаев әлі жүр

Эстрада әншілерінің күнге күйген кір-қожалақ плакаттары да көше шырайын ашып тұрғаны шамалы.  Көз сүріндіретін жарнаманың ішінде әнші Жігер Ауыпбаевтың концертіне шақыру афишасына көзім түсті. Бұл өнер адамының өңірімізге келген сапарына да әлденеше уақыт өтіпті. Бірақ әнші әлі жүр. Көп қағаздың арасында Жігер сығалап тұр.  Федоров ауылына келген мейман мұны алыстан көзі  шалып қалса, «Жігердің концерті болайын деп жатыр ма?» деп сұрауы бек мүмкін. Мейман дейміз-ау, тіпті осы ауылдың тұрғыны Жазира Кеңесова да шатасқанын жасырмады:

– Баламызды бағамын деп үйде  отырмын. Сондықтан көшеге көп шыға бермеймін. Баланың сабағы, үйдің тамағы дегендей қыруар тірліктен босай алмай қаламын. Бір күні ауруханаға жаяу шығып едім, жарнама орналасатын жерден Жігердің фотосын көріп қалдым. Үйге келіп, енеме «мама, Жігер Ауыпбаевтың концерті болады екен, барып бір сергіп қайтпайсыз ба?» дедім. Енем сол заматта көрші кемпірлерге айтып, мәз болып қалды. «Ана көйлекті, жоқ, мына көйлекті киіңіз» деп улап-шулап жатқанымызда, жұмыстан жолдасым келіп қалды. У-шудың мәнісін айттым. Ақыр соңында жарнаманың ескі екенін жеткізген жолдасымнан ұрыс естіп алғаным бар. Уақытына мән бермегенмін ғой, – дейді Жазира. Әрине, Жазираның жазығы жоқ.

B66A3CE5-C8B1-424F-9D3A-59BB5A925CF9

«Үй сатамын» деген соң...

Басқа ауылдан Федоров ауылына көшуді ойлаған Серік Қойшығұлов  ескірген жарнаманы оқып, бір күн уақытын жоғалтқанын тілге тиек етті.

– Оралдан осы ауылдың машинасымен жетіп қалдым. Шопыры жас бала екен. Жолшыбай әңгіме айтып келдік. Сөз арасында Федоровкадан үй іздеп келе жатқанымды жеткіздім. Ауылға келгенде жарнама ілініп тұратын жерді көрсетіп жіберді. Ең бірінші көп қағазды көргенде қуанып кеттім. Осының бәрі үй сатылатын жарнама екен ойлап қалдым. Сөйтсем, бәрі араласып-құраласып кеткен екен. Кей жарнаманы оқу мүмкін емес. Әріптері көзге дұрыс көрінбейді. Күн жеп тастаған секілді, ол аз болғандай кейбіреуінің бас-аяғы жоқ. Жыртылып қалған. Бір уақытта біреудің «үй сатамын» деген жарнамасын тауып әрең оқыдым. Көрсетілген телефонға қоңырау шалсам, жауап жоқ. Мекенжайды сұрастырып, әлгі көшеге бардым. Ауылдың шетінде орналасқан үй екен. Шаңырақтың үлкендері жоқ болып шықты. Ауласында ойнап жүрген екі кішкентай қыз баланың бірі «папам қазір келеді, шөп сатуға кетті» деген соң күттім. «Қазір келіп қалар» деген оймен үш сағаттай қақпа сыртында отырып қалыппын. Арасында манағы телефонға қоңырау соғып қоямын. Сол баяғы жауап жоқ. Бір уақытта шаңырақтың иесі де келді-ау. Шаруамды айтсам, бұл кісі таяуда осы үйді сатып алыпты. Ал керек болса, уақыт «өлтіру» деген осындай болады екен. Бәріне кінәлі жарнама ғой. Ауыл басшылары осының бәрін неге қадағаламайды? Топырлаған жарнамалардың ішінен уақыты өткендерді алып тастау керек қой. Жарнама берушілермен байланыс орнатып, хабарландырулардың мерзімін тексеріп отырса жақсы болар еді, – деді Серік аға.

Эстетикалық талапқа сай болуы қажет

Қазақстан Республикасының аумағында жарнама жасау, тарату, орналастыру және пайдалану процесінде туындайтын қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңы бар. Маңызды құжатта жарнаманың эстетикалық талапқа сай болуы қажет екені тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Сондай-ақ «жарнама беруші де  хабарландырудың уақытына жауапты екенін ескергені жөн» деп жазылған. Бір сөзбен айтқанда, жарнама беруші де, жарнамаға арналған орынды ұсынған адам да заңға сүйеніп әрекет қылғаны абзал.

Расында да, осының бәрін реттеп, уақытымен тазалау жұмыстарын жүргізіп тұрса, көшенің сәні кетпес еді. Бір-біріне мінгескен жарнамадан адамдар шатаспай, қажетті хабарландыруын оқып алар еді. Көшеміздің айнадай жарқырап, мұнтаздай тап-таза болып тұрғаны, кім-кімге де қуаныш сыйлайтыны хақ!

Самал Жамет

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале