5.12.2016, 13:49
Оқылды: 33

Желтоқсаншы Ерболат

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқын дүние жүзіне танытты. Бұл еркіндік пен теңдікті талап еткен қазақ жастарының қозғалысы болды. Шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың аман қалғандары өздері аңсаған азаттық қызығын көріп, бүгінде арамызда жүр. Солардың бірі – сол  кездегі жас жігіт, қаратөбелік Ерболат Баянғалиев.

1984 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп, туған жеріне оралған Ерболат Мақашұлы аудандық электр желілері мекемесінде бір жыл қызмет жасап, сол уақытта еліміздің астанасы болған Алматыға жол тартады. Алматы «Поршень» зауытына жұмысқа кіріскен Ерболат өзі сынды жастармен бірге зауыттың жатақханасына орналасады.

— Жастар желтоқсан айының он алтысынан бастап орталық алаңға шеруге шықты. Біз тұратын жатақхана орталық алаңнан онша қашық емес еді. «Орталық алаңда жастар шеруі болып жатыр» дегенді естіп, бір топ зауыт жұмысшылары желтоқсан айының 17-сі күні жұмыстан соң 63-автобусқа отырып, алаңға бет алдық. Кешкі сағат 5-6-ның арасы болатын. Шеруге қатысушылардың арасына еніп кеттік.  Мінберге шығып сөйлеген адамдардың бәрі әуел баста жастарды бейбіт жағдайда таратуға тырысып бақты. Үш сағаттай үгіт жұмыстары жүрді. Мінберге әлемге танымал әнші Ермек Серкебаев ағамыз да шықты. Ашуға булыққан жастар бұл ескертулерге құлақ аспады. Олар алаңнан өткен өрт сөндіргіш көліктерге тас жаудыра бастады. Сағат 23.00 шамасында екі жақтың қақтығысы тұтана түсті. Қараңғы түсе алаңға шыққан шерушілердің көпшілігі алаңнан кетіп те жатты. Бірақ қақтығыс басыла қоймады. Әскерилер мен тәртіп сақшылары  күш қолдануға кірісті. Бірде тас лақтырған жастар оларды шегіндірсе, енді бірде олар күш алып, жастарды ығыстыра бастайды. Жастарды  тұйыққа әкеліп тіреген олар небір жағымсыз сөздермен балағаттап, резина таяқшалармен сабалап, шерушілердің біразын тұтқынға алды. Басымнан соққы алып, жерге сұлап түскен мені әскерилер сүйрелеп келе жатқанда  есім кірді. Көлікке отырғызып, 12-ауруханадан бір-ақ шығарды. Ауруханада емделіп жатқан  мені тәртіп  сақшылары біраз уақыт сауалдың астына алды. Одан құтылуыма аурухана дәрігері Ізбасар ағай мен зауыттағы әріптес Күмісбек аға сынды  ел азаматтарының көп ықпалы болды. Ауылдағы сырқаттанып жатырған әкеме, анама, бауырларыма не айтамын деп те қатты қиналғаным бар. Тәуелсіздік пен азаттық қазақ халқына оңайлықпен келген жоқ. Талап-тілектерін айтуға алаңға шыққан жастар мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламаған болар. Қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде, қинала күрсінеміз. Олардың ерлігі мәңгі ұмытылмайды. Бірнеше ұрпақтың ерлігі мен еңбегі сіңген тәуелсіздігіміз баянды болғай! — дейді Ерболат Мақашұлы.

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале