23.10.2019, 10:21
Оқылды: 131

«Жемқорлықты қазақы салт-сана ғана тоқтатады»

Сырым ауданына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин келді. Өкіл Ж.Досмұхамедов атындағы мектебінде педагогтармен кездесті.

oznor

Кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада және агенттіктің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Самет Нұрдәулет қатысты.

-ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықтың пікірі мен шағымын бетпе-бет тыңдағысы келеді. Өңірлерге сапарларды сол үшін ұйымдастырып жатырмыз. Басты мақсат - билік пен халыққа адалдықты насихаттау. Адал ұлтты ұрпақ қалыптастырады, ал адал ұрпақты жанұя мен мектеп тәрбиелейді. Сондықтан ұстаздармен кездесуіміздің маңызы өте зор, - деді Арман Бердалин.

oznor

Бердалин мырзаның айтуынша, былтыр қайта жасақталған ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тікелей мемлекет басшысына бағынатын дербес орган ретінде қызмет атқаруда. Агенттіктің жанындағы превенция, яғни алдын алу, парасаттылық және әріптестік департаменттері жемқорлық пиғылды болдырмауға, істі насырға шаптырмай анықтауға, қоғамның кеселімен ел болып күресуге күш салып отыр. Кейбір жағдайда халықтың өзі шаруасын тізеге басып, сыбайластықпен шешуге тырысып жатады. Сондықтан күресті елдік дәрежеде жүргізбесе, халық пен билікті тең тәрбиелемесе тағы болмайды. Әйтпесе, қолға кісен салып, темір торға тоғыту жемқорлардың тәбетін тыймай тұр.

Ұрпағын қаршадайынан «біреудің ала жібін аттама», «ұят болады» деп өсіретін біздің ұлттың тәрбиесінде біреудің ақысын жеу, арам жолмен мал табу әуелден жоқ.

oznor

-Осы сана, осы тәрбие жаңғырса қазақ қоғамында жемқорлық болмайды. Жемқорлықты қазақы салт-сана ғана тоқтата алады. Жаһанша туған топыраққа келіп отырмыз. Алаш көсемі ұлтты тілін, ділін, мәдениетін, болмысын, жанын түсінетін адам басқаруы керек деп айтыпты. Осындай ұрпақ жоғалып кете ме деп қорқамын, - деп өзінің алаңын айтты қоғам қайраткері, белгілі қолөнер шебері Ырза Тұрсынзада.

mde

Педагогтармен және жоғары сынып оқушыларымен болған кездесуде Ырза Тұрсынзада қатысушыларға естелік кәдесыйын ұсынды.

Кейін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин әріптестерімен бірге Сырым ауданының активімен жүздесті. Актив жиынында Самет Нұрдәулет «Transparensy International Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайына мониторинг» атты зерттеу жұмысының қорытындысын жария етті.

Зерттеу шеңберінде республика бойынша сауалнама әдісімен 7 284 респондент – жеке тұлға және 1800 респондент – бизнес өкілі қатысқан. Сырым ауданы бойынша бизнес өкілдерінің 40 %-ы шаруа жемқорлықсыз шешіледі десе, 50%-ы мемлекеттік қызметті тез алуға жемқорлық көмектеседі деп жауап беріпті. Аудан тұрғындарының 17,5 пайызы жемқорлық күнделікті жағдайға айналғанын айтқан. Сауалнама көрсеткендей, тұрғындардың 20%-ы жемқорлық салық мекемесінде, 15 %-ы полицияда, ал 13 %-ы сот мекемелерінде тараған деп жауап беріпті.

dav

Жиынды Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов қорытындылады. Агенттік өкілдері Сырым аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы мен халықты жұмыспен қамту орталығында болып, аудандағы мемлекеттік қызметтің сапасымен танысты.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале