16.08.2019, 11:34
Оқылды: 125

Жетікөл жастары форумда бас қосты

Сырым ауданындағы Жетікөл ауылдық округі, Қосарал ауылының жастарының ұйымдастыруымен Халықаралық жастар күніне орай  «Жетікөлдің жалынды жастары» атты форумы өтті.

FB_IMG_1565878242290

Форумды ұйымдастыруға «Сырым жастары» қоғамдық бірлестігінің Қосарал ауылындағы өкілі Гаухар Саханова ұйытқы болды. Ауылдың жан-жақта тарыдай шашыраған жастарының бастары бірігіп, ешқандай демеушісіз, ұйымшылдықпен, өздерінің күшімен бір күнге созылған шара өткізді.

Жастар форумы алдымен «Менің жүрегім – Жетікөл» композициясының ашылуымен басталды. Композицияны ауылдың 1998 жылы туған жастары асар жасап, орнатты. 1994 жылғы ауыл жастары «Жалынды жастардың жомарттығы» деген атаумен «Мектепке жол» акциясымен үй-үйді аралап, оқушыларға сөмке, оқу құралдарын табыс етті.

FB_IMG_1565878197315

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина бөлімінің студенті Қуаныш Байтенов шеберлік сағатын өткізді. Ақтөбе қаласында университет жанындағы «Жалын» пікірсайыс клубының президенті Қуаныш Кеңесұлы пікірсайыс ережелерімен таныстырып,  пікірсайыс жастарға жан-жақты дамуға, өзін-өзі дәлелдеуге, мәдени дамуға септігін тигізетінін айтты.

Ауылдық мәдениет үйінде жастар «Өзің салған ізбенен» атты кездесу кешінде «Сырым елі» газетінің тілшісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Шынар Молданиязовамен жүздесті. Жастар  журналистке жеке басына, шығармашылығы мен қызметіне қатысты сұрақтар қойды.

Жастар арасында футболдан ауыл біріншілігі өтіп, оған төрт команда қатысты. Кеште жуырда ашылған сыртқы сахнада «Әнмен тербелген туған жер» атты гала-концерт өтті. Жан-жақтан жиналған қосаралдық жастар кеште өнерлерін ортаға салды. Ауыл жастары Асылбек Меңдіғали, Ағыбай Зағыпаров, Гауһар Хамитова, Маржан Халит, Береке Орынбасар, Таңшолпан Саясат, Асылбек Уалиахметов, Есболат Насиев, Қуаныш Байтенов, Аралтөбе ауылынан арнайы келген жастар ұйымының төрайымы Мариям Қожжанова, Дулат Бақыт, Айдархан Рамазанов ән, би, өлеңімен сахнаны сәнге бөледі.

Гала-концерт ауылда бұрын-соңды болмаған отшашумен аяқталды. Ауыл кешіне сән берген отшашуды көріп, үлкен-кіші бірдей қуанды.

Одан кейін ауыл жастары «Buffettable» швед үстелінде бас қосты. Жас кондитер Рима Темірханова «Жетікөл жастары» деген жазуы бар арнайы торт пісіріп әкеліпті. Жастар тәттіден ауыз тиіп, бір-біріне ыстық ықыласын, жылы лебіздерін айтты.

Жетікөл ауылдық округінің жалынды жастары  алау жағып, оны айнала отырып ән шырқады. Одан кейін ауылдық мәдениет үйіндегі би кешінен табылды.

Ш.Халит,

Қосарал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале