11.10.2017, 11:38
Оқылды: 73

Жетпіс жылдан кейін қайта қалпына келтірілген Жалпақтал мешіті туралы білеміз бе?

DSC_0357Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылдық округінде өткен ғасырдың көне көзіндей тарихи орындар, мұражайлар, әсем ғимараттар жетерлік. Солардың бірі - Жалпақтал ауылдық мұсылмандар мешіті.

Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Жалпақтал ауылын жарып өтетін Қараөзен өзенінің солтүстік жағалауында орналасқан бұл мешітті 1885 жылы Қазан татары Қожантай қажы екі мұнаралы етіп салдырған. Сыртқы және ішкі негізгі қабырғалары, ара-қабырғалары күйдіріліп, қызыл кірпіштен қаланған. Күйдірілген кірпіш Ресейдің Саратов облысы Ершов ауданынан 30 нар түйемен тасылыпты. Кірпіш шығаратын зауыт кірпішті тұщы сазды топыраққа жылқының сүті мен қылын илеп, күйдіріп дайындаған. Мешіт жалпы екі қабатты екен. Жертөлесі медресе, дәріс алатын және дәрет алатын, ғұсыл құйынатын бөлмелер болса, астыңғы қабаты яғни жертөлесінен отын жағып жылытылыпты деген деректер бар. Ал отын ретінде Жалпақтал ауылынан 10 шақырым жердегі Ақкөл (Сакрыл) көлінен қамыстар әкеліп, пайдаланылған. Астыңғы қабатының биіктігі 2 метр болса, үстіңгі намаз оқитын бөлмесінің биіктігі 4 метр. Мешіттің сыртқы көрінісі әрленбеген, өзінің бұрынғы қаланған табиғи тастары күйінде тұр. Шатырлық ағаш балкалар және едендері қалың емен ағашынан салынған.

Жалпы осы мешіттің аз кем тарихын сұрастырдық. Жаңажол ауылының тұрғыны Табылдиева Гүлниса әжеміз біледі деген уақытта дереу Жаңажол ауылына бет алдық. Гүлниса Арыстанова - Жұмай қарттың қызы. Жұбайы Файзолла Табылдиев Жапон, Ұлы Отан соғысына қатысқан, ардагер. Бейбіт күнде жұбайы екеуі совхозда малшы шопан болып еңбек етіпті. Гүлниса әжеміз 1926 жылы Жалпақтал ауылында дүниеге келген.

-Әкем Арыстанов Жұмайдың үш ұлы болыпты. Сол үш ұлы бірінен соң бірі өмірден озды. Мен дүние есігін ашқан уақытта атам қолына алып, бағып қақты. Мен қырқынан шыққанға дейін анамды еміп, сегіз жасқа дейін қарт атамның қолында болдым,-деп бастады әжеміз әңгімесін.

Әжеміздің айтуынша, үйі сол Жалпақтал мешітінің маңында болған.  Әкесі Жұмай Арыстанов сол мешіттке жұмыс істепті. Содан Фурманов колхозына ауысып, сонда жұмысшы болып еңбек еткен.

-Мен мектепке барған уақытта Қожантай деген мешіт бар. Әкемнің айтуы бойынша: «Сол уақытта Қараөзен өзенінде ағаш көпір болған еді. Чапаев пен Фурманов ағаш көпірден жүзіп келе жатқанда Чапаевтың оң қолына оқ тиіп, әкем үстіндегі майкасын шешіп байладым»,-деп. Мешіттің күн батыс жағы азан шақыратын жағында ақ гвардияшылар мешітке тығылып, қызыл әскерлер ақ гвардияшыларды шығарамыз деп пулеметпен атқылаған көрінеді. Содан мешіттің күн шығыс жағында үлкен терезеден ақ гвардияшылар қашып кеткен көрінеді. Ал қызыл әскерилер қалай да ұстау керек деп пулеметпен атқылап жатыр. Мешіттің сыртқы жағы тесілген. Бір уақытта орыстар «Они ушли, ушли» деп айқайлапты. Бұлар ақ гвардияшылардың қалай қашып кеткенін пулеметтің даусымен естімепті,-деп өткенді еске алды әжеміз. Әкесі сол жерде болыпты. Аяғына оқ тиіп жараланған көрінеді.

DSC_0361Мұнараға қарағанда адам баласының басындағы бас киім жерге түсетін. Бас жағында ай мен жұлдызы жарқырап алыстан көрінген. Азан шақырған уақытта Ақпәтерге жақындап естілетін-ді сол дауыс. Гүлниса әжеміздің әкесі жүрек ауруымен ауырып, сол кезде құрдасы  Иван Сергеевич деген дәрігер: «Галинка сен әкеңнен қалма.  Әкеңнің жүрегі ауырады. Егерде сен қалсаң әкеңді біреулер тонап, өлтіріп кетер» депті. Сөйтіп әкесімен ілесе жүріп Алғай станциясынан тауар тасыпты, екі үлкен нар түйемен. Кей кездері өзеннің арғы бетімен, себебі өзеннің арғы беті тыныш болыпты. Ал бергі бетте аңдушылар көп болатындығын айтты. Әкесі сондай жауырыны қақпақтай, ірі денелі болған көрінеді. Әжеміздің айтуынша, 15 жасына дейін әкесіне көмекші болып, тауар тасыған. Бір күні тауардан келе жатқан уақытта алдынан үш кемпір шығып: «Мұнараны құлатқалы жатыр» деп жылап-еңіреп айқай салған көрінеді.

-Жақындап барып қарасақ мұнараға қалай шыққанын білмедім, жуан арқан байлап, төрт өгізбен тартып қиратып жатыр. Содан қорқып кетіп, жыладым. Мұнара Ақпәтерден көрінетін. Біз келгенше мұнараны жерге құлатып болды. Мешіттің ішіне кірсек сыңар өгіз арбаға құранның үлкені бар, кішісі бар бәрін тиеп жатыр. Үш орыс өкілдері жүр. Біреуін таныдым. Біздің көршіміз Кәнстан деген. Қалған екеуін танымадым. Шашылып жатыр, шашылғанын жинап біз жүрміз. Мен барып екі құранды алдым, бірі үлкен, екіншісі кіші құран кітап. Содан үйге апарып қойдым. Бұлар өгіз арбадағы құрандарды ауыл шетіне апарып, өртеп жіберді. Содан мешіттің мұнарасы құлады. Клуб қыламыз деп мешіттің ішін жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мұның бәрі бір күнде болмады. Содан театр болды, кино қойды. Жастарымыз сол клубтың айналасынан шықпай қойды,-деп Гүлниса әжеміз болған оқиғаны еске алды. Бүгінде сол құран кітаптары әлі әжеміздің үйінде сақтаулы тұр. Сонымен қатар Жалпақтал ауылында осы мешіт туралы білетіндерді іздеп Сәния Кенжеғалиеваның шаңырағына барған болатынбыз. Сәния әжеміз аз-кем сырқаттанып, көбін ұмытып қалғанын жасырмады.

Совет үкіметі орныққанға дейін яғни 1937 жылға шейін мешіт қызмет атқарған. Кейін дінге тыйым салынған кезде әжеміз айтқандай клуб, Ұлы Отан соғысы жылдары Жалпақтал мешіті қойма ретінде пайдаланыпты. 1983-1987 жылдары аралығында мешіт ғимараты бос тұрып, тек 1988 жылы күрделі жөндеуден өтті. 1988-1995 жылдары бұл ғимарат аудандық тарихи-өлкетану мұражайы болып қайта ашылды. Тек 1995 жылы аудан әкіміінің қаулысымен Жалпақтал ауылдық мұсылмандар мешіті болып қайта құрылып, халыққа беріліпті.

Сонау жылдары Кеңес үкіметінің солақай саясатына байланысты құлатылған, жерге көмілген мұнараны 2012 жылы жеке кәсіпкер, жерлесіміз Айдос Сәрсенғалиев үлкендердің айтуы бойынша, қос мұнараны қайта қалап, қалпына келтірді. Бұл Қожантай мешітінің жалпақталдықтар үшін алар орны ерекше. Биылғы жылы Елбасымыз жариялаған «Рухани жаңғыу: болашаққа бағдар» атты мақаласының «Туған жерге тағзым» бағдарламасына орай ауылдың қақ ортасына тұрған Жалпақтал мешіті қалпына келгеніне жерлестер өте қуанышты. Бұл тек қана бір ғана мысал емес осындай бағытта ауылда бірнеше жұмыстар жасалуда. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз болған Гүлниса әжейлер секілді көне көз қариялардың көзі тірісінде жоғалтқанымызды қалпына келтіріліп, тарихты қайтадан жаңғыртып, туған жерді көркейту келер ұрпақтың өз міндеті. Борышымыз деп есептеймін.

 Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Жалпақтал ауылы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале