13.06.2017, 15:13
Оқылды: 52

Жетпіске жігерлі жеткен азамат

Bokei orda Birmanov  Бөкей Ордасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Нарынның Нұрлыбегі – 70 жаста» атты тақырыпта жерлесіміз, қатардағы зоотехниктен аудан әкімі қызметіне дейін көтерілген, облыстық деңгейде де лауазымды басшы болып, зейнеткерлікке шыққан Орал қаласының тұрғыны Нұрлыбек Шайдоллаұлы Бірмановтың 70 жасқа толуына орай 10 маусым күні аудандық мәдениет үйінде мерейтой иесімен кездесу кеші өтті.


  Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бөкейліктердің шақыруын қабыл алып, 600 шақырымдай жерден осы ыссыда ат арытып келгендері үшін құрметті қонақтарға рахмет айтып, игі тілегін жеткізді.

   Мұнан кейін мерейтой иесінің өмір жолынан мол дерек беретін бейнефильм көрсетілді.

  Бітікте бастауыш мектептің есігін ашқан Нұрлыбек Шайдоллаұлы Орда, Сайқын орта мектептерінен білім алыпты. 8-сыныптан соң Красный Кут ауыл шаруашылық техникумына түскен ол бір жылдан соң Орал ауыл шаруашылық техникумына ауысады. Осында жаттықтырушы Николай Ганичевтің күрес үйірмесінен басталған спорттық карьерасы қала, облыс чемпионы, Қарағанды қаласындағы жасөспірімдер арасындағы сайыста республика чемпионы, Мәскеудің Темирязов атындағы академиясында студент болып жүргенде ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары арасындағы одақтық сайыстың жүлдегері тұғырына дейін жетеді.

  Н.Бірманов жолдамамен Қарағанды облысына барады. Екі жылдан соң әкесі дүние салуына байланысты анасының талабымен туған жерге қайтады. Одан әрі «Мұратсай» совхозының бас зоотехнигі, облыстық халықтық бақылау комитетінің, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің инспекторы, Жымпиты аупарткомының хатшысы сынды лауазымдық сатылардан өткен ол 1986 жылы Орда аупарткомына бірінші хатшылыққа сайланады. Бұл қызметін аудан әкімімен ұштастырған Нұрлыбек Шайдоллаұлы ауданда 10 жыл бірінші басшы болды.

   Құттықтау тілек, естелік айту, сұрақ-жауап түрінде өрбіген кездесу кешінде сол бір жылдардағы оқиғалардың шет жағасы тілге тиек етілді.

   – Сайқын көшелеріне алғашқы асфальт төсеттірген осы кісі. Бұл адам қаржы көзін, қажетті техника мен мамандарды тапты. Үш армян істеген асфальт ширек ғасырдан асса да, әлі кәдеге жарап тұр,-деген Чарльз Қойшыбаев сол жылдарда басы қайтарылған өзге де біраз шаруаны тізіп шықты.

   Аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы сахна төрінде Нұрлыбек Шайдоллаұлының иығына қазақы салтпен шапан жапса, Райса Сергейқызына гүл ұсынып, камзол сыйлады. Тысқа шыққан соң, мерейтой иесіне ат мінгізілді. Ертесіне де мәдени-спорттық шаралар өз жалғасын тапты.

Каримолла ҒАЙСИН

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале