15.02.2017, 16:58
Оқылды: 23

Жоғалған екі адам іздестірілуде

Қаратөбе ауданына қарасты Үркіш қыстағынан шыққан екі адам жоғалып кетті. Бұл туралы дабыл Қаратөбе аудандық ішкі істер бөліміне аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінен 15 ақпан күні таңертеңгі 9:30 шамасында келіп түскен.

Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Ермұхан Жұмағалиевтің айтуынша, жоғалған екі адамның бірі ер адам, бірі әйел адам. Екеуі де аудан орталығынан 14 шақырым жерде орналасқан Үркіш қыстағындағы «Әлия» шаруа қожалығының жұмысшылары. 14 ақпан күні таңертеңгілік 9:00 шамасында аудан орталығына барып келеміз деп шығып кеткен. Қожалық жетекшісіне ескертпеген.

-Бүгінгі таңда жоғалып кеткен адамдарды іздестіру мақсатында аудандық ішкі істер бөлімінен 2 іздестіру тобы (6 адам) құрылды. Екі «Нива» аутокөлігі, оған қоса, ауа райының қолайсыздығына байланысты «Әлия» шаруа қожалығының тракторы (5 адам) бар, - дейді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Ермұхан Аманжолұлы.

Оның сыртында іздестіру тобына бір трактор, бір «УАЗ» аутокөлігі қосылды. Іздестіру тобы құрамында аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, еріктілер бар.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале