24.01.2020, 12:35
Оқылды: 105

Жолаушы тасымалы қашан жолға қойылады?

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, әу-бастан қозғалып келген жолаушылар тасымалы бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Соның ішінде – адам тағдыры. Бейбіт күнде халықтың тағдыры тас жолда таусылып бара жатқаны біз бен сізді қыңжылтады. Бірі анасын, бірі жарын, бірі азаматын, әйтеуір бір туысын бір-ақ мезетте жоғалтты. Темір тұлпарды ызғытып келіп айдағанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ әрі де адам тағдыры бар екенін ұмытып-ақ жүрміз.

qaztalov jol

Қазіргі таңда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру ісі Казталов ауданында ақсап тұр. Соның тікелей көрсеткіші деп соңғы уақыттағы жол апатының көбейгенін айтуға болады.

Казталов ауданының полиция бөлімінің бірінші орынбасары, полиция капитаны Марлен Карабаевтың мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы 9 жол көлік оқиғасынан 5 адам, 2019 жылы 11 жол көлік оқиғасы болып, 3 адам қаза тапқан.

 –Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, адам өлімін болдырмау мақсатында заңсыз адам тасымалдаумен айналысып жүрген заңсыз таксистермен жұмыс жүргізіп келеміз. 2019 жылы 5 жүргізушіге әртүрлі әкімшілік баптар мен хаттамалар толтырылды, - дейді полиция орынбасары.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Ахметқали Қарағойшин жетекшілік ететін «Жиенбай» ЖШС жолаушыларды тасымалдау үшін арнайы екі автобус шығарды.

–Қазіргі күнде біздің автобустарымыз Казталов және Жалпақтал ауылдарының жолаушыларын тасымалдап жүр. Біз үшін маңыздысы – жолаушылар өмірінің қауіпсіздігі, -дейді «Жиенбай» ЖШС-ның жетекшісі.

Автобус маршрутын шығарудың басты мақсаты – жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындарға жолақы құнын тиімді ету. Яғни, бұл автобус жолаушылар тасымалының барлық заңдылықтарын сақтайды деп айтуға болады.

Жолаушы тасымалдаумен заңды түрде айналысып жүргендерге емес, заңсыз жүргендерге мойын бұратын уақыт жетті. Бұл жөнінде аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен жиында қатаң айтылды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша көлік инспекциясының басшысы Серік Рашидұлы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Мениев жолаушылар тасымалы жөнінде түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты.

-Барлық таксистер арнайы жолаушылар өмірін сақтандыру, дәрігерлік тексерістен өту, көліктерді әр рейс алдында тексерту, түнгі уақытта жолаушыларды тасымалдамау сынды талаптарды сақтауы тиіс. Көлікті заңды жүргізуіміз қажет. Ал заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын таксилерге арнайы рейдтер ұйымдастырылып, анықталған жағдайда олар жауапқа тартылады, - Қазбек Абдулғазыұлы.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – автотұрақтың болмауы. Күнделікті баратын базар маңында қуалай орналасқан көліктер болмаса да, адам да, көлік те тұрақтайтын орын жоқтың-қасы. Сондықтан таксистер жолаушыларды үй-үйден шарлап алып кетуге тура келеді. Аудан орталығына автотұрақ ауадай қажет екенін ескеріп, ертерек қолға алған жөн болар.

Бір өкініштісі, жоғарыдағы аталған базар маңындағы кейбір таксистердің жолаушы таситын рұқсат құжаты түгіл, көліктерде ең болмаса арнайы белгінің болмауы. Алдымен жолаушы тасымалдау үшін патент керек. Әлбетте орталықтағы таксистердің жартысына жуығында патент жоқ. Ауданда жолаушы тасымалы туралы мінбелерде құлаш-құлаш сөз айтылады. Бірақ шығып жатқан нәтиже шамалы. Жол-көлік оқиғасы орын алған кезде жауапты органдарды тілге тиек етіп, анда-санда бір күрсініп қоятынымызды жасырмаймыз. Осы ретте жүргізушілердің салғырттығына жауапты органдар көз жұмып қарамаса игі.

Жиында көтерілген бірқатар мәселелер мен ұсыныстардың нәтижесі уақыттың еншісінде.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале