17.07.2017, 10:15
Оқылды: 36

Жомарт Даркеев: «Әлеуметтік жауапкершілігіміз әлсіремейді»  

 

«Жайық мұнай» - Зеленов ауданындағы мұнай-газ өндірумен айналысатын ең ірі компания. Бүгінде өндіріс орнында мыңнан астам жұмысшы тұрақты жұмыспен қамтылса, оның 230-ға жуығы Зеленов ауданының тұрғыны.


Бұл туралы аудан әкімі Асхат Шахаровтың қабылдауында болған «Жайық мұнай» ЖШС-нің бас директоры Жомарт Даркеев мәлімдеді.

Компания өткен 2015-2016 жылдары тек Зеленов ауданына демеушілік әрі қайырымдылық көмек ретінде 25 млн теңге қаржы бағыттаған. Компания бұдан бөлек ауыларалық жолдарды тазалап, тегістеуге, ауыл көшелерін абаттандыруға, түрлі шараларға қатысатын балалар тасымалына, іргелес ауылдардың өзге де мұқтаждықтарына көмек көрсетуді өз міндеттеріне алған.

Өндіріс ұжымының қалыпты жұмыстануы негізінде әлеуметтік жауапкершілігі ұлғая беретінін жеткізген Жомарт Ғабдолқайырұлы өнім сапа мен көлемін арттыру арқылы қосымша жұмыс орындарын ашу бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

Компания мен аудан әкімдігі арасында жыл басында қол қойылған ықпалдастық меморандумы аясындағы жұмыстардың әрі қарай жалғасын табуына екпін түсірген аудан әкімі Асхат Шахаров бірінші кезекте сол аймақ тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуы керектігін алға тартты.

– Толық қуатында жұмыстанып, халыққа мыңдаған жұмыс орындарын ұсынып отырған өндіріс кешенінің қазынаға құяр салық көлемі де қомақты. Оның сыртында әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан көрсетілетін демеушілік көмектеріңіз тағы бар. Ең бастысы, алға қойылған нақты мақсаттар еңсеріліп, табыс еселене түсуде. Біз өз тарапымыздан үнемі қолдау білдіруге даярмыз, -деген Асхат Берлешұлы компания жұмысының ашық әрі жалпыға түсінікті болуы үшін қоғаммен байланыстың әркез тұрақты болуын ескертті.

Н.ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале