28.03.2019, 18:30
Оқылды: 23

Гинекологтарды жүктілікке жүрдім-бардым қарайтындар алаңдатады

Әйел-аналардың тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп, ұрпақ өрбіту жолындағы киелі миссияларына немқұрайлы қарауға әсте болмайды. Жүктілігі анықталған уақыттан 12-апталық мерзімге дейін ауруханаға есепке тұруы тиіс.

1511434460_5a16a8dc429f3

Өткен жылдың есебі бойынша бөкейордалық 28 әйел тиісті мерзімде дәрігерге қаралуды жөн көрмепті. Тарқатып жазар болсақ, Сайқын ауылының 6 келіншегі, Хан ордасынан – 13 әйел, Ұялыдан – 1, Бөрліден – 4, Бисеннен – 2, Саралжыннан – 1, Мұратсай ауылынан – 1 жүкті әйел 16, 22, 24-аптадан асырып барып аурухананың табалдырығын аттаған. Ең сорақысы бұл тізімде студенттерді былай қойғанда, мұғалімдер де, медбикелер де бар болып шықты. 2017 жылы 291 әйел жүктілігі бойынша есепке алынса, соның 266-сы 12-аптаға дейін уақтылы қаралған.

2018 жылы тіркелген 290 әйелдің 262-сі уақтылы есепке тұрыпты. Былтыр ғана уақтылы тексерістің нәтижесінде шарананың өмір сүруге қабілетсіздігі анықталып, аудан бойынша бес жүктілік медициналық жолмен үзілген. Гинекологтың тағы бір айтқаны, тоғыз ай бойына денсаулығы қалыпты өтіп, әбден толғағы қысқан сәтте дәрігерлерді әбігерге салатын шиеленісті жағдайлардың орын алуының түрлі себептері бар. 2018 жылдың өзінде мұндай үш оқиға тіркеліп, бір құрсақішілік өлім тіркелді. Мәселен, 1980 жылғы сайқындық азаматшада 30 апталық жүктілік мерзімінде бала жолдасының ерте бөлінуі салдарынан қан кетіп, Жаңақала ауруханасына жеткізіліп, ота жасалды.

Аудандық аурухананың бас гинекологы Күләнда Абдолованы Орал қаласынан не басқа аудан, ауылдардан келіп, жергілікті шаруа қожалықтарында жалдамалы жұмыс жасап жүрген қыз-келіншектердің жағдайы да алаңдатады. Әсіресе, қожалық иелері қоластындағы жүкті әйелдерге ауруханаға есепке тұрып, тексерістерден өтулеріне қолайлы жағдай жасаса дейді. Сондай-ақ, жүктілікті жоспарлау арқылы қант диабеті, жүрек-қан, бүйрек, қалқанша безі аурулары сияқты қауіпті дерттің алдын алуда маңызы зор екенін және айтты. Қазірдің өзінде аурухана мамандары қыз-келіншектерге осы бағытта түсінік жұмыстарын  жүргізуде.

Арайлым Есмағұлова,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале