15.02.2018, 11:51
Оқылды: 112

Жұмыр қылыш

Қаратөбе аудандық М.Мерәлиев атындағы тарихи- өлкетану музейі аудан тарихы мен мәдениетінің дамуы жолында бірқатар іс-шараларды абыроймен атқарып келеді. Музейдің басты миссиясы жәдігерлерді сақтаумен ғана шектелмейді.

Аудандағы тарихи-өлкетану музейі 1974 жылы маусым айында белгілі жерлес жазушы Берқайыр Аманшиннің бастамасымен қоғамдық негізде ашылды. Сол кезден бастап музей жұмысы жанданып, жыл сайын жаңа экспонаттармен толықтырылуда. Солардың бірі Аққұм қорығынан табылған қайқы қылыш туралы айтқым келеді.

Қылыштың сабы ағаштан қапталып, мойнына темірден жұлдыз бейнеленген. Жүзі қайқы келген. Материалы – темір. Ұзындығы – 93 см. Музейге жергілікті өлкетанушы Қайыржан Хасанов тапсырған. Қайыржан ағамыздан жәдігердің тарихын сұрағанымызда, ол кісі 1968 жылы Егіндікөл орта мектебінде ұстаздық ете жүріп, оқушылармен Аққұмға саяхатқа шыққан кезінде, Аққұм қорығынан құмның арасынан қайқы қылыш тауып алыпты. Қылышты әспеттеп орап, үйге әкеліп сақтап қойған екен.

«Ол кезде ондай дүниелерге баса назар аудармадым ба, әлде құм арасында жатқан қылыш қой деп мән бермедім бе, оның қай дәуірге тиесілі екеніне, қалай жасалғанына да назар аудармаппын. Содан ауданда 1974 жылы музей ашылған кезде бір жәдігер болып музейде тұрсын деп, сол кездегі музей меңгерушісі Марал Қажыгереевке тапсырдым», - дейді.

Міне, күні бүгінге дейін музей төрінде ілулі тұрған қайқы қылыштың тарихы осындай болып шықты. Мүмкін, бұл қылыштың тарихы, жасалу жолы, қай ғасырға жататындығы, кімдердің қолданған­дығы кейбір зерттеушілерге ой салар деген үміттеміз.

Зерттеуші ғалымдардың, халық аузындағы аңыз әңгімелерге сүйенсек, Аққұм тарихи жер, XII-XIV ғасырлар арасында Хан ордасы болған деседі. Енде- ше, бұл қайқы қылыш та сол дәуірден сыр шертетіні анық емес пе?!

Нұрлан МЕҢДЕШЕВ,

 М. Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале