10.05.2018, 10:55
Оқылды: 28

Жусандыойда дала қызықтары өтті

IMG_7563Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесіне арналған бағдарлама Қаратөбе ауданына қарасты Жусандыой ауылдық округінде ұйымдастырылған дала қызықтарымен жалғасты.

Мерекелік шараға аудан әкімі Жанат Асантаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Кезегінде сөз алған Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев
ауыл тұрғындары мен қонақтарын Жеңіс мерекесімен құттықтап, тыл ардагерлеріне алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстап, құрмет көрсетті.

Шара әрі қарай дала қызықтарымен жалғасты. Дала қызықтары шеңберінде оздырылған аламан бәйгеге 6 сәйгүлік қосылды.
Ел делебесін қоздырған аламан бәйгеде 20 шақырымды айналып өтіп, бас бәйгені Ханкөл ауылынан келген Ершат Құбашевтың «Дауылпаз» атты сәйгүлігі иеленді.

Төлен ауылынан Ермек Исағұловтың «Көгершін» атты сәйгүлігі ІІ орынды иеленсе, ІІІ орын шалғындық Бақыт Есболаттың «Торыайғыр» атты сәйгүлігіне бұйырды. Оларға тоңазытқыш, түрлі түсті теледидар, кілем сынды сыйлықтар тарту етілді.
4 шақырымдық тай жарысына 5 тай қатысты. Нәтижесінде ханкөлдік Аманжол Қойшыновтың тайы оза шауып, І орынды иеленді. ІІ, ІІІ орындар жусандыойлық Манарбек Жұмабеков пен Сыйлыбай Сүндетовтің тайларына бұйырды.

Сонымен қатар ұзақ қашықтыққа жүгіру, арқан тартыс, гір тасын көтеру, бағана өрмелеу сынды ұлттық ойындар той көрігін қыздырды.
Жаяу жарыста ер арасында жусандыойлық Елдар Болатжанов алдына жан салмады.
Ал қыздар арасында Маусымжан Марат жүзден жүйрік атанды.

Бағанаға өрмелеу сайысында жусандыойлық Өмірсән Бердешов, ханкөлдік Нұршат Жұмағалиев, бұлдыртылық Оқас Нұртас үздік деп танылса, арқан тартыста Бұлдырты ауылының командасы топтан озды. Ал гір тасын көтеруде қаратөбелік Асан Дошимов мықтылық танытса, қой көтеру жарысында Мағжан Серіков қой малын 95 рет көтеріп, түлікті еншісіне байлады.
Шара соңында лоторея ойыны ойнатылып, ұтысқа тігілген бағалы
заттар иелерін тапты.

Мерекелік алаңда ақшаңқан киіз үй тігіліп, ардагерлер құрметіне орай
дастарқан жайылды.

Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале