21.01.2019, 12:09
Оқылды: 36

Жүз бес жастағы әжеге сәлем берді

Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин 105 жасқа толған Қосарал ауылындағы кейуана Несипова Қамида Балтеменқызына арнайы сәлем бере барды.

 syrym aje (2)

Басшылар ғасырдан астам жасап келетін әжейге өткен туған күніне сый-сияпат ұсынды.

Жүз бес жасқа келсе де, Қамида әжей тың, арқасы тіп-тік, тістері қаладай. Көздері де шырадай жанып тұр. Іс тігуден әлі қол үзбепті. Тек құлағы сәл нашар есітейді. Аудан басшысы көп жасаудың сырын сұрағанда, Қамида әже:

 «Әке-шешем өмірден ерте кетті. Қазақта «Топырақ астындағы жасын берсін» деген сөз бар. Алла Сол әкем мен анамның топырақ астындағы жасын бізге берген шығар. Апам 80-нен асып қайтты, менің жасым өздерің көріп отырғандай»,-деді. Жастық өмірі аттың үстінде өткен әже тек табиғи, құнарлы тамақтанып, бүгінге дейін табиғи жүн-теріден ғана киім киген.

Әжей ұлы Талап пен келіні Бақытмаралдың қолында тұрады.

«Ақыл-есім дұрысында, алжастырмай-шатастырмай алса, содан басқа арманым жоқ. Мына баламнан «өзімше ақыл-есім әзірше дұрыс сияқты, сөзден шатасып отырған жоқпын ба» деп сұрасам, «Өзіңше солай болса, онда дұрыс болғаны ғой» деп ойнайды,- дейді әжей.

 Қамида Балтеменқызы 1914 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. Ата-анасы бала күнінде өмірден озған соң, жалғыз туған апасы Қалиланың қолында тәрбиеленіпті. Әжейді балалығы жетімдіктің, жастығы соғыстың кесірінен қиындықпен өтті.

Апа-жездесі Қалила мен Хасанның үш баласы бар. Апасы балаларын бағып, Қамида әжей апасының орнына жұмыс жасады.

1942-де екі колхоздың жұмысшыларын біріктіріп, темір жол салуға жұмысқа жіберді. Атыраудан әрі Жем, Ойыл, Сағыздан асып, темір жол құрылысына қатысты. Ол жаққа түйеге жүк артып, жайдақ аттарға мінгесіп, арып-ашып, жадап-жүдеп жетеді. Биіктігі үйдей етіп, трактормен қазылған терең қара жердің топырағын қолдап тасып, шойын жолдың жанына төгеді. Бұл жұмыста әйелдер еркектердің орнында жүрді. Кейін сиыр, жылқы да бақты. Көктемнен күзге дейін шашауын шығармай баққан малдарын күзде әскерге көлік, азық ретінде алып кететін.

1945-46 жылдары құдай қосқан жары Ырыспен некелесіп, бес ұл, үш қызды өмірге әкелді. Ұрпақтарынан 28 немере, 34 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.

Алтын алқалы ананың 100 жасында балалары ат шаптырып той жасады.

syrym aje (1)

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале