16.02.2018, 17:42
Оқылды: 76

Жымпитыда дәстүрлі әншілер мен термешілер байқауы өтті

IMG_3325Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің құрылғанының 100 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығының құрметіне «Мен қазақпын» атты дәстүрлі әншілер мен термешілердің облыстық байқауы өтті.  Байқаудың бас жүлдесіне және оралдық шебер Едіге Нәбиевтің байқау үшін арнайы жасаған домбырасына Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті Нұрәлі Айтуғанов ие болды.

 Ән сайысының іріктеу кезеңінде облыс орталығы мен аудандарынан келген 9 үміткер өнер көрсетті. Олар байқаудың бекітілген ережесіне сай Алашорда қозғалысы мен оның қайраткерлері жайлы арнау айтты әрі Батыстағы дәстүрлі ән мектебінің өкілдерінің әнін және Ақтамберді, Базар, Наурызбек, Махамбет, Сүгір, Шернияз, Абыл, Ақтан, Қашаған секілді жыраулар поэзиясының белді өкілдерінің туындыларын орындады.

IMG_3413Қазылық құрамның шешімімен тасқалалық Мирлан Жамбылов I орынға, қаратөбелік Нұршат Исламғалиев пен сырымдық Дархан Қажығалиев ІІ орынға, сырымдықтар Сәлімжан Әубәкіров пен Анар Төлегенова, теректілік Мейірбек Жанболат ІІІ орынға ие болды. Қалған қатысушыларға байқаудың дипломанты дәрежесі берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Мен қазақпын» атты дәстүрлі әншілер мен термешілердің облыстық байқауының гала концертінде өнер көрсетті. Жымпитылықтар кештің құрметті қонағы «Мен қазақпын!» тележобасының қатысушысы, күйші Ақылбек Бектасовтың өнерін ерекше қабылдады.

Айта кетейік, бұл шара мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыруға бағытталған нақты қадам болып есептеледі. Байқаудың ұйымдастырушысы «Демалыс орталығы» мекемесінің директоры Серік Тоқмамбетовтың айтуынша, ұлттық тәрбие мен дәстүрлі музыканы насихаттауға арналған «Мен қазақпын!» дәстүрлі әншілер мен термешілердің байқауының да түпкі мақсаты - жаңғыруға жаңалық қосу.

Осы күні байқаудың қазылық құрамы мен қатысушылары Алашорда мұражайы мен Алаш саябағындағы шараларға қатысты. Кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің арнайы қабылдауында болды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

IMG_3359 IMG_3379

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале