7.02.2018, 11:31
Оқылды: 24

Жымпитыда жолаушыларды құжатсыз жүргізуші тасып жүр

Бұл факт Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің ұйымдастыруымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өткен «Автобус» жедел шарасы кезіне анықталды.  

Сырым аудандық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің жол техникалық инспекторы, МАИ полиция лейтенанты Азамат Мәулетовпен жарты күн «жұмыстас» болдық. Инспектордың қызметтік көлігі Самара – Шымкент күре жолының бойына шықпай жатып, Амангелді мен Қазақстан көшелерінің қиылысына арнайы аялдауға мәжбүр болды. Осы жерде ауылдың бір тұрғыны көлігін рұқсат етілмеген жерге қойғаны анықталды. Қойғанда да дәл «Көлік құралын қоюға тыйым салынады» деген қызыл-көк белгіге тұмсығын тақап қойыпты. Амангелді көшесінің бойынан іле шала тағы бір заңбұзушылық тіркелді. Бір жүргізуші жолаушы тасымалдауға арналған көлікті құжатсыз басқарып жүр екен. Байқауымызша, жымпитылықтар жол – көлік қағидаларын сақтамауды, елге ортақ ережелерді ескермеуді қалыпты жағдайға айналдырып алғанға ұқсайды. Себебі, қауіпсіздік белдігін тақпау, жарық жақпау, рұқсат етілмеген жерге көлік құралын қою сияқты әкімшілік заңбұзушылықтар жиі тіркелетін көрінеді. Оны Сырым аудандық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің ЖТИ МАИ қызметкері Азамат Мәулетовтың өзі айтып отыр.

Расымен де, қарапайым көзіміз тек көлік түйіскенді ғана жол – көлік оқиғасы деп түсінеді. Дегенмен, жаңағы біз тізіп шыққан заңбұзушылықтарды да ескермеуге болмайды. «Тамшының тас тесетіні» секілді, күнделікті өмірде біз ескермеген қателіктер көлемді экономикалық шығынға, тіпті адам шығынына алып келуі әбден мүмкін. Ал оның алдын – алуға мүмкіндігіміз бар ғой.

«Автобус» іс шарасы ақпанның 18-іне дейін жалғасады. Осы уақытта әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері жолаушылар тасымалымен айналысатын ауыр және жеңіл көліктерді баса назарға алатын болады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Суретті түсірген автор

sirim avtobus (2) sirim avtobus sirim avt (2) sirim avt

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале