24.01.2020, 12:30
Оқылды: 445

Жымпитыдағы «Зообақ»

Нұрлыбек Мұқанов – Cырым ауданының Қособа ауылының тумасы. Марқұм әкесі Еркебай ауылда газ слесарі болса, анасы Меңдеш сауда саласында жемісті еңбек етті. Балалық бал дәурені Қособада өткен Нұрлыбек атасы Шәкір Мұқанов қарияның бауырында тәрбиеленгенін мақтан етеді. Өйтпегенде ше? Кеңшардың 200-дей ірі қарасының түгін тартсаң майы шығатындай қоңды, қора-ауласын тап-таза болуына баса мән беретін ата Шәкірден бала Нұрлыбекке осындай асыл қасиеттер аумай дарыды.

sdr

Тіпті ауылдық жерде тұрған соң әке-шешесі Еркебай мен Меңдеш аулада қаз, үйрек, тауық, күркетауық өсіріп, төрт түліктің төрелерін бағып, шаруаларын шашау шығармағаны Нұрлыбекке үлкен тәрбие мектебі болды. Атадан, әке-шешеден дарыған еңбекқорлық қасиет Нұрлыбектің мал мен құс шаруашылығын дамытуына сеп болып, қолдау болғандығы ақиқат.

Нұрлыбектің сөз саптауына қарағанда, 2015 жылы отбасылық кәдеге жаратып отырған түйесін сатып жіберген соң, мал мен құс шаруашылығына түбегейлі бетбұрыс жасауға бекінеді. Бекінгенде де бағымдағы түліктерді будандастыру, асылдандыру жұмысына жете мән беруге тырысады. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, осылайша ойда жүрген іс қолға алынды. Әп дегенде Нұрлыбек Еркебайұлы көшім, рысак тұқымдас, сығанның ала түстес айғырын сатып әкеліп, үйірге қосып, Қособа, Жымпитыға осы жылқы тұқымдарының кеңінен таралуына ықпал етеді.

Жылдар өткен сайын Нұрекеңнің ісі жанданып, мал мен құс шаруашылықтарындағы жұмыстары нәтижесін бере бастады. Оралдағы базардағы таныс жігіттермен келісімге келіп, Өзбекстанның Ташкентінен, Ресейден әкелінген ерекше тұқымды құс түрлерін сатып алады. Сөйтіп құстың түр-түрі Нұрлыбектің Жымпитыдағы қонысының ауласынан «құтты орындарын» тапты.

Бүгінде жымпитылық Нұрлыбек Мұқановтың «Зообағында» құстың да, малдың да адамға таңсық тұқымдары жетерлік. Мысалы, тауықтың адлер, голашейная, айдарлы, доминант, брама, әтештің мәскеулік, шотландық тұқымдастары, қаздың жергілікті тұқымы мен холмогор, тамбов тұқымдастары, үйректің индоутка тұқымы болса, жылқыдан жергілікті қарапайым жабы, жүкке, желіске шыдамды орловтық тұқым, жергілікті сиырларға қоса етті, сүтті симменталь тұқымдас баспақтар, сүті, еті емге дәрумен орынборлық ешкілер, еділбай қойлары, гиссар қошқарлары, ұзын құлақты үй қояндары көзге шалынғанда, өзіңді бейне зообақтың ішінде жүргендей сезінесің.

syrym zoo (3)

– Қол еңбегімен айналысып, таза ауада көбірек болу денсаулыққа өте пайдалы. Өзім осы әдетті берік ұстанамын. Сосын ауламдағы шаруаға жалдамалы жұмысшы қосуға әуелден қарсымын. Ауладағы мал, құсты қадағалап, жем, суын, шөбін беруді өзім асықпай атқара беремін. Қазір қой, ешкі төлдеп, тауықтар күніге 10-15 жұмыртқадан беруде, – дейді Нұрлыбек әңгіме арасында.

Құс та сәбидей мәпелеп, баққанды қажет етеді. Мысалы, тауық, қаз жазда шөпке жайылғанды ұнатса, қыста жылы су, жем, қиыршық құмды қорек қылады.

Дик күшігі

Дик күшігі

Нұрлыбектің айтуынша, бағымдағы тауықтары күз айына дейін үш рет жұмыртқа басып, балапан шығарады екен. Ал балапандарға қарға, мысық жиі шабуылдайтын болғандықтан, «жауға» қарсы күзет жағы да мықты болу қажеттігін әңгіме арасында ұқтық.

Айтқандайын, Нұрлыбек жаз бойына бағып, мәпелеген 15 қазының алтауын тұқымдыққа алып қалып, өзгелерін сойғанда, олардың әрқайсысының салмағы 6 келі 600 грамм тартыпты. Міне, төккен тердің ақталғандығы осы болса керек.

syrym zoo (3)

–  Қаз, үйрек, ешкі еті – күнделікті қолданысқа өте жеңіл, саулыққа пайдасы зор диеталық тағамдар. Осы тағам түрлерін қыс алды қажетінше қамдап аламыз, тіпті Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал қаласындағы ағайын-тумалар да осы құс, мал өнімдерінен ауыз тиіп жатады. Сондай-ақ ерекше тұқымдас тауықтарды көршілер қолжетімді бағамен сатып алып, иеліктеріндегі тауық тұқымын жаңартуда, – дейді Нұрлыбек Мұқанов.

Гиссар қойлары

Гиссар қойлары

Жуырда «Бизнес-Бастау» жобасы аясында білімін жетілдірген Н.Мұқанов 500 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Ол бұл қаражатын мал басын көбейтуге жұмсамақ. «Торқасқа» жеке кәсіпкерлігінің иесінің ендігі межесі – Қособа ауылынан жер телімін заңдастырып, шөп шауып, мал басын арттырып, шаруасын шалқыту.

Мүсірбек Айташев

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале