22.10.2018, 12:10
Оқылды: 26

Жымпитылықтар бала еміне бір күнде 200 мың теңге қаражат жинады

Сырым ауданының орталығы Жымпитыда қайырымдылық айлығы аясында Жаһангер Тілекқалидың еміне қаражат жинау үшін «Мейірім шуағы» атты аудан өнерпаздарының қайырымдылық концерті өтті.

jympiti qairymdylyq (1)

         Жаһангер Тілекқалиға дәрігерлер балалар церебралды сал ауруы, орташа ауырлықтағы тетрапез, сол жақ аяқ-қолының зақымдануы мен торлы қабаттың ангиопатиясы деген диагноз қойған. Жаһангер алғашқы қадамды 7 жасында ғана жасады, бірақ әлі жәрдемсіз жүріп кете қойған жоқ. Жаһангердің арманы – мектепке өз аяғымен барып келу.

         Қайырымдылық кешінде С.Сарғозиев, Т.Құсайынов, А.Жұма, М.Мұқанов, А.Алдамжаров, Ә.Бисенғалиева, Е.Өтенғалиева, А.Сисенова, Р.Атауова, Б.Қанатов, Н.Байнияз, Г.Опағалиева, А.Әбуғалиева, С.Әубәкіров, Армат және Алмаз Жұмагелдиевтер, А.Әнесова сияқты ауданға белгілі өнер иелері, Т.Төлеген, А.Садықова, Д.Зейнетденов сияқты жас өнерпаздар, «Айкөркем» би тобы, Жымпиты халық театры өнер көрсетті.

jympiti qairymdylyq (5)

         Шараның соңында аудандық демалыс орталығы директорының орынбасары Дархан Жанқылышев концерттен жалпы көлемі 147 мың теңге қаражат түскендігін хабарлады. Жаһангерді қолдау мақсатында Ж. Досмұхамедов атындағы мектептің оқушылары «Мектептегі кәсіпкер» жобасы аясында қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, сатылған тауарлардан түскен 22 мың теңге қаржыны негізгі қаражатқа қосты. Барлық қаражат ел алдында Жаһангердің жанұясына ұсынылды. Бұдан бөлек, «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Бахитова сәбидің еміне 50 мың теңге көлемінде демеушілік жасауға уәде берді. Осылайша жымпитылықтар бір күнде қайырымдылық ниетімен 200 мың теңгенің үстінде қаражат жинап берді.

         Тілекқали Жаһангерді ата–анасы алдағы уақытта РФ Санкт-Петербург қаласына емдетуге алып бармақ.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале