27.09.2024, 23:00
Оқылды: 6

Жәнібекте «Жыр арқауы – туған жер» атты әдеби сазды кеш өтті

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде өткен «Өнегелі ізі ұрпақ жадында» атты облыстық ғылыми-практикалық конференциядан кейін мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, КСРО Журналистер одағының мүшесі Рахметолла Егізбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Жыр арқауы – туған жер» әдеби-сазды кеш өтті.

image-27-09-24-10-02-7

LED-экранда Р.Егізбаевтың жас кезіндегі фотолары көрсетіліп, театрландырылған қойылым болды. Әнші Аслан Боранбаев «Сағындым Шәрімбетті» әнін шырқап, аудан жастары әдемі көрініспен сүйемелдеді. Райымбек Нұрғалиев ақын өлеңін мәнерлеп оқыса, «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің бишілері мың бұрала билеп, кештің шырайын келтірді. Сонымен қатар өмірін мәдениет саласына арнаған Улия Тұманова Р.Егізбаевтың 90 жылдығына орай жазған өлеңнің бүгін тұсауы кесілді. Ауданның әншісі Қуаныш Аждуов «Сырлы бұлақ» әнін орындап берді. Байғаманбет Ажығалиев «Үлкен Айдай» әнін орындаса, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Наргиза Касумова «Бұлбұл» күйін аса шеберлікпен күмбірлетті. Домбырашылар ансамблі де өз өнерлерін көрсетті. Кеш барысында Рахметолла Сүйіндікұлының жырларын әнге айналдырған ел азаматы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Қазақстан Композиторлары одағының мүшесі, әнші композитор Қуаныш Қисметовтың «Сиқырлы ән» әнін Шынар Каюпова шырқаса, квартет «Жәнібегім» әнімен кешті қорытындылады.

image-27-09-24-10-02-1

Кеш соңында аудан әкімі Тимур Шиниязов елге орасан еңбек сіңірген елдің біртуар азаматы Рахметолла Сүйіндікұлының туғанына 100 жыл толуына арналған елдіктің тойын өткізуде, ел азаматының еңбегін насихаттауда, ел тарихын зерделеп жақсылары мен жайсаңдарын іздеп, дәріптеп жүрген облыстық М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаевқа алғыс айтып, иығына шапан жапты.

image-27-09-24-10-02-2

Өз кезегінде Асқар Атаев аудандық тарихи-өлкетану музейдің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукинаға өз атынан алғысхат пен кішігірім сыяпат ұсынды.

image-27-09-24-10-02-5

Сонымен қатар Тимур Серікұлы облыстық ғылыми-практикалық конференцияда модератор болған Ахмедияр Батырханов пен спикер Алтынбек Әбділмановқа алғысхат пен естелік сыйлық берді. Сол сияқты Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұрша Бөкей ордасы ауданының әкімі Н.Даумовтың құттықтаухаты мен естелік сыйлығын табыстады.

image-27-09-24-10-02

Құттықтаухатта: «Барша Жәнібек ауданының жұртшылығын мемлекет және қоғам қайраткері, Жәнібек және Орда аудандарының дамуына сүбелі үлес қосқан Рахметолла Сүйіндікұлы Егізбаевтың 100 жылдығына арналған негізгі іс-шаралардың басталуымен құттықтаймын! Ғасырлар жаңарып, арада қаншама жылдар өтсе де есімдері ел жүрегіне ұялаған жандар ешқашан ұмытылмайды. Өз заманында елдің көшін бастап, айналасындағы жұртты игілікті істерге жұмылдырған, туған өлкенің топырағында ерен еңбегі мен айшықты қолтаңбасы бар Рахметолла Сүйіндікұлының ізгілікті жолы мен өнегелі өмірі келер ұрпаққа үлгі десек, туған халқы барда аты да, өлшеусіз мұрасы да өшпейді, жасарып, жаңара береді.

Ауылы аралас, малы қоралас көрші ретінде қос ауданға сіңірген еңбегі зор нар тұлғаға арналған бәсі биік, берері мол шараларыңыздың жоғары деңгейде өтуіне тілекшімін. Жасампаз мемлекетімізбен бірге өркендеп келе жатқан шырайлы Ғұмар елінен әлі де талай Алаш жұртының абыройын асқақтататын ардақты азаматтар шығатынына бек сенімдімін.

Әр бастаған істеріңіз оңға басып, ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында әр саладағы жемісті жетістіктеріңіз көп болсын!» - делінген.

image-27-09-24-10-02-3

image-27-09-24-10-02-4

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале