15.11.2024, 14:32
Оқылды: 83

Теректі ауданына «Деркөл» мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары келді

Аудан төріне Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Жастар» мәдениет сарайына қарасты «Деркөл» мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары келді. «Ән-жырым саған туған ел» атты концерттік бағдарламасын ұсынған оларға ән мен жырға шөліркеп келген теректіліктердің қолпашы мен қолдауы ерекше болды. Әр әуезді ән сайын аз да болса, өнерге тәу етіп келген көрермендер қошемет білдіріп отырды. Ал деркөлдік өнерпаздар ыстық ықыласқа тоймай, аудан халқын қимай кетті. 

ән

Өңірді әнмен тербеп, жырмен қанаттандырып жүрген олардың концерттік бағдарламасы бимен басталды. «Адай» би ансамблі «Ер Тұранды» мың бұрала билеп, өзгеше қимылдары арқылы рух сыйлады. «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Аман Мырзағалиев, тәжірибелі, халықтың сүйікті әншісі Омар Хибашев, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Мұрат Әмірханов, Мейрамбек Кенжеғалидай өнер саңлақтарының ізінен ерген Азат Қабиев, Елжас Мағзом, Алтынбек Базаров, Наргиза Сүлейменова, Жастілек Әубәкіров, Гүлдана Тілепбергеновадай жас буын ұрпақтар сабақтастығының айқын үлгісін көрсетті.

би

Бұл кеште әсіресе ауданымыздың үлкендері бір жасап қалды. Неге десеңіздер, жанға жылы әндер шырқалды, домбыра күмбірледі. Соңында ұйымдастырушылар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Лунара Сердалиеваға алғыс айтты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов сөз алып, кештің жоғары деңгейде өткенін жеткізді.

–Осындай өнер кештерін ұйымдастырып, рухани азық сыйлаймын десеңіздер, Теректі құшақ жая қарсы алады,- деді өз сөзінде.

Міне, аудан жұртының өнерге деген ықыласы осындай!

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале